Қазақ радиосының «Ұлт ұстазы» хабарында «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш идеясы» деген тақырып аясында философия ғылымдарының кандидаты, алаштанушы Болатбек Төлепбергенмен сұхбат өтті.
Хабарда Ахмет Байтұрсынұлының өткен ғасырдың басында өзінің ниеттес, пікірлес серіктері яғни, қазақ зиялыларымен бірге «Алаш» идеясы деген үлкен істі бастағаны, соңдарынан талапты, талантты жастар ергені, халықтың сауатын, көкірек көзін ашуға, саяси көзқарасын түзеу үшін қандай қадамдарға барғаны жөнінде айтылады.
Ұлт пен ұлттық сана, ұлттық идея мен идеология, ұлтшылдық пен ұлттық зиялы қауым тұрғысынан қарастырғанда алдымен ұлт ұстазы, Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы мен Алаш қайраткерлерінің қызметін саралау қажеттігі туындайды. Қазақ бола ма, болмай ма деген сауал талқыға түскен жиырмасыншы жүзжылдықтың басында, ғасырдан-ғасырға ұласқан ұлттық идея ширыққан тұста, оның заңды жалғасы Алаш идеясы дер шағында дүниеге келді. Алаш идеясының уағыздаушысы әрі оны жүзеге асырушы қайраткерлердің ұлт ісіне ерте есейген есті сана, жалындап тұрған жастық жігермен кіріскендіктері алдыңғы кезекте көрініс береді. Басында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатұлы сынды жол сілтер Алаш көсемдері тұрған алыптар шоғырының абыройлы ісіне тың серпін, жаңа тыныс берген жас шамасы жиырма-жиырма бестің, ары кетсе отыздың о жақ, бұ жағындағы өрендер еді. Яғни, Алаш идеясы өзінің жас әрі жасампаз идея екендігімен ерекшеленді. Саралап көрелік.
Алаш қозғалысының көшін бастаған Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатұлы ол кездері жастары қырықтың қырқасынан енді ғана асып, ақыл тоқтатқан әрі өздерінен кейінгі толқын ізбасарларына Алаш идеясының өміршеңдігі ұрпақтар жалғастығында екенін ұғындырып, сол идеяны жүзеге асыру жолында қызмет етті.
Қазақ халқының тәуелсіздігінен айырылуының басты себептері сыртқы жағдайларға байланысты болғанмен, оның рухани астарларының, соның ішінде надандықтың да, содан туындайтын адамгершілік азғындықтың да ықпалының болғандығы туралы Ахмет Байтұрсынұлы да, Мағжан Жұмабайұлы да жазған. Надандықтың салдары бодан ел болуға әкелгендігін Мағжан Жұмабайұлы:
«Бірлік жоқ алты ауызды халықпыз ғой,
Қатардан сол себепті қалыппыз ғой.
Ғылым мен мағрифатты керек қылмай
Надандық шәрбәтіне қаныппыз ғой», - деп ашына жырлаған.
1917 жылы «Алаш» партиясын құрушылардың қатарындағы ең жас көсем, Алашорда үкiметiнiң мүшесi Әлімхан Ермеков жиырма бес жасында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Мұхамеджан Сералиндермен бірге Коммунистiк партия көсемі Ленинге көршілес елдерге өтіп кеткен шекарадағы қазақ жерлері қазақтікі екенін дәлелдеп, көзін жеткізіп, мәселені қазақтың пайдасына шешті.
1918 жылы Ахмет Байтұрсынұлы Қостанайға келiп, Алашорда отряды қатарына жастарды тартқанда, қатардағы жауынгер болып тiзiмге жазылып, «Алашорда отрядының» ерiктiсi атанып, Алашордаға үмiт арта сенген, табиғатында халқына қай жақтан жақсылық болса, солай қарай аңсары ауып, икемделетiн Бейімбет Майлин және Омбы студенттерінiң «Бiрлiк» атты ұйымының жұмысына белсене қатысып, Ақмола жастарының революцияшыл тобы «Жас қазақ» атты ұйым құрып, «Тiршiлiк» атты газет шығарған, 1916 жылғы халықтың ұлт-азаттық көтерiлiсшiлеріне тiлектестiк бiлдiрiп, өлеңдер жазған Сәкен Сейфуллин әрі осы үш бәйтеректің бірі, ұлт-азаттық күреске үнемі қолдау білдірген суреткер ақын Ілияс Жансүгіровтер сол кездері жиырма үш жасқа енді келген екен.
Патша өкiметiнiң боданындағы туған халқының, тағдыр тауқыметiн өткiр тiлмен айтып, баспасөз беттерiнде жиi-жиi мақалалар жазып, саяси күреске өмірін арнаған Мұхамеджан Тынышпаев және патшалық Ресейдiң бұрыннан-ақ қазақ жерiн отарлап, халқын орыстандыру секiлдi өктемдiк саясатын әшкерелеп, оған қарсы үгiт-насихат жүргiзген, сондай-ақ Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы абзал азаматтармен пiкiрлес дос болып, бiр мақсатта күрескен Жақып Ақпаевтардың ақыл тоқтатқан шақтағы салмақты істері Алаш қозғалысына айбын бергені анық.
«Алаш» партиясының көрнектi қайраткерлерiнен басқа қатардағы есімдері атала бермейтін мүшелерiнiң бүгінде мүмкіндігінше барлығының аты-жөнін ардақтау парыз. «Алаш» партиясын ұйымдастырушылар, халқымыздың бiртуар ұлдары Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермековтермен серiктес болып, халық қамы үшiн бiрге күрес жүргiзген алаш ұландарының бiрi Имам Әлiмбеков. Ол «Алаштың» Семей облыстық ұйымы тарағасының орынбасары, «Алаш» партиясының орталық үнi – 1918-1919 жылдары шығып тұрған «Сарыарқа» газетiнiң редакторы, «Алаштың атты әскерлер полкын» жасақтаушылардың бiрi болды.
Ал Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының шәкiртi, iзбасары ретінде солармен үндес, пiкiрлес болған өрелi өрен Ғазымбек Бірімжанов қаламгер, дәрiгер, агроном және ағартушы, қоғам қайраткері санатына көтерілген жастардың қатарынан табылды. Сондай-ақ жалпы қазақ съезiнде Алашорда өкiметiне мүше болып сайланған Отыншы Әлжанов Жетiсуға келiп, съезд қаулыларын жүзеге асыру ниетiмен өлкенiң айтулы азаматтары М. Тынышпаев, С. Аманжолов, И. Жайнақов, Б. Мамытовтармен тiзе қоса отырып, игілікті істердің ұйытқысы болады. «Алашорда милициясының» алдында тұрған міндеттерді саралайды.
ХХ ғасыр басындағы әлеуметтік-саяси өмірдің жандануымен ұлттық элитаның ұлт мәселесін шешуге бағытталған қоғамдық қызметтері, сол кездегі басты бұқаралық ақпарат құралдарының бірі - баспа ісі мен баспасөздің кең таралуына алғышарттар қалыптастырды. Нақ осы «қоғамдық ортада», яғни білімді, көзі ашық интеллектуал қауымның ортасында ұлттың ұлттық мәні мен мазмұны, соған сәйкес әлеуметтік саяси санасы, бейнесі талқыланып, сомдалып, ұлттық мүдделері саяси деңгейде тұжырымдалып қалыптасты. Осы әлеуметтік саяси ортадан ұлт болып қалыптасудың негіздемелері идеялық деңгейде баспасөзі арқылы халыққа жеткізілді. Осы арнада қазақ халқының ұлттық рухы мен сана-сезімін оятуға бағытталған Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» атты еңбегі мен Ахмет Байтұрсынұлы «Маса» атты шығармаларының маңызы зор болды.
Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысынан бастап, алғашқы қазақ басылымдары жарыққа шыға бастады. 1870-1882 жылдары «Түркістан уалаятының газеті» шығып тұрды да, оның артынша «Дала уалаятының газеті» дүниеге келді. Осы екі басылым қазақ баспасөзінің атасы атанды. Содан кейін-ақ «Серке» және «Қазақ газеті», «Қазақстан» газеті мен «Айқап» журналы оқырманына жол тартты.
Ұлттық идея тұтастығы мен бірлікті күрес нәтижесінде қазақ тарихында елеулі еңбек атқарып, ұзақ ғұмыр сүрген қазақ баспасөздері «Қазақ» және «Айқап» жарыққа шықты. Осы екі баспасөздің ішінде қазақ элитасының күресіне адалдығын сақтаған, қазақ халқының ұлттық тұтастығын, ел мен жер бірлігін жақтаған, жалпыұлттық, демократиялық мақсаттарды жүзеге асыруға күш салды. Сондықта да «Қазақ» алғашқы бейресми жалпыұлттық саяси баспасөз болып табылады.
Басылымның «Қазақ» деп аталуын, осы салада көптеген зерттеулер жүргізіп келген ғалым А. Әбдімановтың тұжырымдауынша [87, 28 б.] екі түрлі мағына аңғарылады. Біріншіден, газет жалпыұлттық үнпарақ болғандықтан, мақсаты жері бөлшектеніп, елі бытырап жүрген қазақ халқын біріктіру болғандықтан да ұлт атын иемденіп «Қазақ» аталады. Екіншіден, кітәби, әдеби, ғылыми айналымда қазақ атының өз аты аталмай, қырғыз аталып келгендігі белгілі, сондықтан, туған халқының төл атын қайта оралту мақсатында, қазақ зиялылары өз баспасөздерін осылай атауды мақұл көрді.
Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтсақ: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетамыздың есімін «Қазақ» қойдық». Мұның өзі, баспасөздің рәміздік белгілерінен де көзге шалынады. «Қазақтың» бірінші бетінің оң жақ шекесінде қазақтың киіз үйі, оның етегінде ірі араб графикасымен «Қазақ» деп жазылған. Бұл символдардың өзінің де ұлттық бірегейлік сананы қалыптастырудағы орны еркше екенін айта кету керек. Себебі, этностық рәміздердің басты қызметі - тұтынушылардың ортақ бірегей рухани, саяси қажеттіліктерін қанағаттандыру болып табылады.
«Қазақ» газеті жиырмасыншы ғасыр басындағы ұлтжанды азаматтарды біріктіріп қана қоймай, алаш идеясын уағыздаушы бірден-бір ақпарат құралына айналды. Шын мәнінде өзіне дейінгі қазақ басылымдарындай емес, «Қазақ» газеті бұхара халықтың мұңын мұңдады, жоғын жоқтады. Және басылым алаш қайраткерлерінің ұлт мүддесін ашық талқылайтын пікірталас мінбері қызметін атқарды. Алаш қайраткерлері өздерінің елдік пен бірлік жолында жүргізіп жатқан жұмыстарын қазақ жұртының қабылдап, халықтың ұлттық намысын ояту мен саяси санасын көтерудегі баспасөздің пәрменін жоғары бағалады. Бұл ретте алашорда көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейхан қараңғы қазақ даласына алаш үнін жеткізетін басылымды шығару ісін ұйымдастырып, 1913 жылы 2 ақпанда Орынбор қаласында «Қазақ» атты қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени газетті дүниеге әкелді.
Аталған газетте А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы, М.Шоқай, М.Тынышбайұлы, Ш.Құдайбердіұлы, Ғ.Қараш, Р.Мәрсеков, Ж.Тілеулин, Ғ.Мұсағалиев, М.Жұмабаев, Х.Болғанбаев, Х.Ғаббасов, Ж.Ақпаев, Ж.Сейдалин, С.Торайғыров, А.Мәметов, С.Дөнентайұлы және Х.Досмұхамедұлы сынды т.б. авторлардың мақалалары жарияланып тұрды. Басылымға басшылық еткен А.Байтұрсынұлы алғашқы редакторы, ал оның өкілетті өкілі М.Дулатұлы болды. Газет шығуын тоқтатқан 1918 жылы басылымға Жанұзақ Жәнібекұлы басшылық етті.
Сол тұста қазақ зиялылары осылайша ұлт мәселесіндегі толғақты мәселелер турасында ой бөлісті. Бастысы ұлттық идеяны дамытудың жолдары талқыланды. Ұлттық идеяның тегершігі – ұлттың тілі мен әдебиетін, өнері мен руханиятын дамыту қажеттігі «Қазақ» газетінің бетінде осылайша көрініс тапты.
«Қазақ» газеті ұлт-азаттык қозғалысының бостандық үшін күрес идеясына ұласуына зор әсер етті. Алашорда кұрылған тұста тәуелсіз мемлекеттің идеологиясына негіз болған осы идеялар еді. Ахмет Байтұрсынұлы пен Міржақып Дулатұлының идеясы елді оятты. Алдымен ойы бір, ақылы бір жас таланттар оянды. Олар ұстаздарының ісін жалғастырып алып кетті. С.Торайғыров, М.Жұмабаев, С.Дөнентаев, М.Сералин, С.Көбеев, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, М.Әуезов сияқты бірін-бірі толықтыра шыққан жастар тобы әдебиеттің жанрлық, тақырыптық ізденістерін байытып, қазақ халқы өмірінің шындығын кең көлемде бейнелеуге жетті. Елдің артта қалушылығын сынап шеней отыра, отаршылдық езгіге қарсы үн көтерді, тәуелсіздіктің туын биік ұстауға тырысты. Бұл салада Сұлтанмахмұттың таланты айрықша танылды. Ол Алашорда көтерген идеяның жауынгер жақтаушысы болды. Ұлт көсемдерінің соңынан еріп, қазақ халқына атар таң, келер жарық, сәуле, нұрды солардың есімімен байланыстырды.
Қазақ радиосының негізі 1921 жылы қаланды. Қазақ елінің сол кездегі астанасы— Орынбор қаласында жұмысын бастаған арна қызметі бұқара халықтың сауатын ашуға бағытталды. Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1921 жылғы 29 қыркүйектегі шешімімен қазан айынан бастап әуе толқыны арқылы радиобюллетень беріле бастады. Қазақ радиосының алғашқы үні граммофон мен күйтабақ түрінде қазақ даласына тарады. «Владимир Ильич А.Байтұрсынұлы мен С.Пестковский екеуін қабылдап, сөзін тыңдайды, өлкені басқару жөнінде бірнеше нұсқаулар жасау керектігін, оларды қазақ тіліне аударып, граммофон мен күйтабаққа жазып, халық арасына тарату қажеттігін айтады (В.И.Ленин о Казахстане, 313-б). Радио тарихын зерттеуші филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашұлы өзінің зерттеу еңбектері арқылы Қазақ радиосының іргетасын Алаш көсемі А.Байтұрсынұлы қалағанын нақты дәлелдеді. Қазақ радиосы 1926 жылдың қазанынан бастап Орынбордан кейінгі астанамыз - Қызылорда қаласында 1931 жылдың мамырына дейін хабар таратты.
Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақ секілді іргелі жұрт өзгелер қатарында соғыс майданында қару-жарақ асынып, мемлекетті қорғауға лайық еді, қатарда жоқ қара жұмысқа байлануын кемшілік санаймыз» - деп, өз ұлтының ешкімнен кем емес екенін айтып, патшалық Ресей саясатының солақай бағытты ұстанғандығын сынайды. Ал патша ағзам жарлығымен қара жұмысқа алынуы тиіс жарты миллионнан астам қазақ жастарына жолдаған үндеулерінде Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатұлы: «Бірі – барса, алынған жігіттер қазаға, бейнетке аз ұшырайды, екіншісі – «бармаймын» деп қарсылық қылса, елге зор бүліншілік келеді» - деп, қан төгілуін қауіп қылып, бұл амалсыздық шарасы екенін алға тартты. Яғни бұл жағдай Алаш зиялыларының іштей буырқанып, толысып, қарсылықты қалайша білдіру қажеттігін іздене түсуге түрткі болды.
1920 жылы Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов және Мұхтар Әуезов коммунистік партия қатарына бекерден бекер өткен жоқ. Осы уақыттың талмауыр талабын тап басқан Әлихан Бөкейхан қазақ халқын және танылып қалған алашордашыларды аман сақтау үшін «көзге түспеген» жастар тезірек міндетті түрде коммунистік партияға өтуі керек деген пікір айтады.
Алаш жұртының қамы үшін айла мен тығырықтан шығар амал іздеген олар оттан да, судан да тайсалмады. Айталық, Алаш идеясын толыққанды жүзеге асыруда большевиктерден жеңіліс тапқанымен, таулары шағылып, тауандары қайта қойған жоқ. Қайта қайраттана, ширыға түсті. Өз елінің тарихын жақсы біліп қана қоймай, туған топырағының сүйемдей жері көрші мемлекеттердің құзырына өтіп кетпес үшін бар білігі мен батылдығын жұмсаған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков және Мұхаметжан Сералиндер қазақ ұлтының бірлігімен қатар, жерінің де тұтастығын сақтап қалды. Кеңес өкіметінің көсемі Ленин бұл ретте бір жағынан әділдікке, бір жағынан саясатқа салып, қазақ зиялыларының ығына жығылды. Нәтижесінде бұрын Ресейдің құрамына өтіп кеткен көптеген жерлер Қазақстанға қайтарылып, тарихи әділеттілік орнады.
Осы орайда атап өтерлік бір нәрсе, алаш элитасының алдына қойған негізгі мәселелер мыналар болатын: жер мәселесі, оқу-ағарту ісі және басқару жүйесі. Осы үш мәселе төңірегінде Алаш азаматтары күш біріктіре отырып, саяси күрес жолына қадам басты. Солардың ішіндегі маңыздысын, ұлттық аймақтардың қоғамдық-саяси өмірінде саналы түрде модернизациялық үрдістерге қадам басуының бір көрінісі ретінде - білім беру жүйесінің дамуын, ұлттық тілдердің қоғамдық деңгейдегі жазба тіліне айналу нәтижесінде баспа ісі мен баспасөздің кең таралуынан байқауға болады.
Хабардың авторы әрі жүргізушісі – Толқын Сұлтан.