Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға ресми сапармен барды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Садыр Жапаровтың шақыруымен Қырғызстанға ресми сапармен келді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Қазақстан Президентін Бішкектің «Манас-2» халықаралық әуежайынан Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің Басшысы Ақылбек Жапаров пен осы елдің бірқатар ресми тұлғасы қарсы алды.

Екі мемлекет басшылары Бішкекте шағын және кеңейтілген құрамда кездесу өткізеді деп жоспарланып отыр. Келіссөздер барысында саяси диалогты одан әрі күшейтуге, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға мән бере отырып, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық серіктестікті дамыту мәселелері қарастырылмақ.