Тәулік тынысы 06.06.2022

Мемлекет басшысы Қырғызстан Президентімен телефон арқылы сөйлесті. Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевты жалпыхалықтық референдумның сәтті өтуімен құттықтап, дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан Қазақстанға жылы лебізін білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровқа құттықтағаны үшін және Қырғызстан бақылаушыларының референдумға белсенді қатысқанына ризашылығын білдірді.

*****
Өзбекстан Президенті де Қазақстан президенті Қаысм-Жомарт Тоқаевқа телефон соғып, референдумның өтуімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке құттықтағаны үшін ризашылығын білдіріп, конституциялық реформалар еліміздің саяси және экономикалық тыныс-тіршілігін жаңғыртуға бағытталғанын атап өтті.
*****
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет қайраткері және ішкі істер органдарының ардагері Қайырбек Сүлейменовті қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz. Кездесуде Қайырбек Сүлейменов елімізде жүргізіліп жатқан кең ауқымды реформаларды жүзеге асыру аясында құқық қорғау жүйесі мен азаматтық қоғамды одан әрі дамытудың келешегі туралы ой-пікірін айтты. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты бірқатар ұсынысын жеткізді.
*****
Бүгін кешкі сағат 8-де Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 5 маусым күні өткен референдумның қорытындысы бойынша республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына үндеу жасайды, - делінген Президенттің Telegram-дағы БОРТ N1 арнасында.
*****
Конституциялық түзетулер бойынша дауыс беру жалпыхалықтық сипатта болды. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты. Еліміздің барлық өңіріндегі және шетелдегі барлық 10 мың 012 референдум учаскесінде дауыстарды санау аяқталды. «Республикалық референдум туралы» конституциялық заңның 31-бабына сәйкес, егер дауыс беруге құқы бар осындай азаматтардың жартысынан астамы қатысса, референдум өткізілді деп есептеледі», - деді Нұрлан Әбдіров.
*****
«AMANAT» партиясы референдумды қолдау Республикалық штабының жұмысын қорытындылады. Референдумды қолдау мақсатында аймақтарда облыстық және аудандық деңгейдегі штабтар құрылып, республика бойынша барлығы 218 штаб жұмыс істеді. «12 мамыр мен 3 маусым аралығында депутаттар еліміздің аймақтарындағы 1 204 елді мекенге барып, барлық сала өкілдерінен тұратын 120 мыңға жуық адамның қатысуымен 2,5 мыңнан астам кездесу өткізді. 6 мыңнан астам өтініш пен ұсыныс қаралып, партия мен Үкімет тарапынан пысықталғаннан кейін азаматтарға жауап беріледі. Дауыс беру күні «AMANAT» партиясының 28 мыңға жуық өкілі еліміздің барлық сайлау учаскелерінде дауыс беру барысы заңдылығының сақталуын қадағалады.
*****
Енді әділетті Қазақстанның берік конституциялық іргетасы қаланды деуге болады, - дейді  Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев. Ол «Жер және жер қойнауы халыққа тиесілі» деген Конституциялық норманы іске асыру жөніндегі халық заңын жариялы түрде әзірлеудің басталғанын мәлімдеді. Сонымен қатар партия көшбасшысы Үкіметтен мемлекеттік компанияларды жекешелендіруді тоқтатуды талап етуде. Бұған қоса шетелге заңсыз шығарылған қаражатты мемлекетке қайтару қажет екенін алға тартты. Биыл және алдағы жылдары «ҚазМұнайГаз», «Air Astana», «QazaqGaz» және тағы басқаларды қоса алғанда «Самұрық-Қазына» қоры шамамен 40 кәсіпорынды жекешелендіруді жоспарлап отыр. Оның айтуынша, дәл қазір бұл артық шығынға батырады. Ел активі қайтадан олигархтардың қолында кетпеуі керек.
*****
Жемқорлық жасаған немесе қызметі тиімсіз жоғары лауазымды тұлғаларды анықтап, қылмысы мен кемшілігін әшкерелеу үшін Парламенттік тергеу институтын енгізу керек. Бұл туралы «Ақжол» партиясының төрағасы Азат Перуашев айтты. Бүгін партияның фракциялық отырысында саяси бірлестік басшысы референдум нәтижесін талқылады. Мәжіліс депутатының айтуынша, Президентпен бірге олардың өкілдері саналатын әкімдер де ешбір саяси партия құрамында болмауы қажет. Осындай нормасы бар бастаманы «Ақжол» партиясы алдағы уақытта енгізуге ниетті.
*****
Ауыл партиясының 700-ден астам мүшесі саяси науқан барысын бақылау ісіне атсалысқан. Саяси ұйымның төрағасы Әли Бектаев осылай деп мәлімдеді. Ол Конституцияға енгізілетін өзгерістерді жалпыұлттық рефрендумға шығару әділ демократиялық шешім екенін айтты. «Ауыл» партиясы алдағы уақытта Конституциялық реформаларды іске асыруға ат салысады.  Қазір ұйым экономика мен әлеуметтік саланы дамыту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеп жатыр. Адам құқын қорғауға бағытталған заңдарды жетілдіру бойынша да бастамаларды қолға алған. Бүгінде партияның 300 мыңға жуық мүшесі бар.
*****
2025 жылға қарай отандық газ тапшылығы болуы мүмкін. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты. Оның сөзінше Ел ішінде газ тұтыну тұрақты түрде өсіп келеді. «Газ тұтыну өсімі шамамен 35 пайыз», - деді Болат  Ақшолақов.
Айта кетейік, ертең  болатын Үкімет отырысында Егіс науқанының барысы мен Халықты жұмыспен қамту шаралары талқыланады.  Жиынды сағат 10-да  PrimeMinister.kz сайтынан, және үкіметтің әлеуметтік желілеріндегі  парақшаларынан  көре аласыздар.