Тәулік тынысы 08.06.2022

Президент  мәслихат депутаттарының әкімдерді тағайындауға келісім беру ережесін бекітті.  Мемлекет басшысы «Облыс аумағында орналасқан мәслихаттар немесе республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттары депутаттарының облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімін лауазымға тағайындауға келісім беруі қағидаларын бекіту туралы» Жарлыққа  қол қойды.  Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

*****
Қасым-Жомарт Тоқаев трансұлттық компаниялар басшыларымен бірқатар кездесу өткізді. Мемлекет басшысы Chevron корпорациясының атқарушы вице-президенті Джеймс Джонсонмен, Exxon Mobil корпорациясының аға вице-президенті Нил Чапманмен, сондай-ақ Қазақстанның Канададағы құрметті консулдары – канадалық Cameco уран компаниясының президенті Тимоти Гитцельмен және Condor Petroleum компаниясының президенті Дон Стрюмен   кездесті. Президентке осы компания басшылары елімізде атқарып жатқан жұмыстарының нәтижесі мен алдағы кезеңге арналған жоспары туралы мәлімет берді. Сондай-ақ,  Қазақстанда бірлескен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы сөз болды. Жиналғандар елдегі уран компаниясының жұмысы мен сұйытылған табиғи газ өндіретін модульді зауыттар салу туралы әңгімелесті.
*****
Референдум учаскелерінде дайындық тыңғылықты өтті. Бұл туралы бүгін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюро миссиясының өкілдері хабарлады. Олардың айтуынша, учаскелерде еш заңбұзушылық тіркелмей, халық жоғары белсенділік танытқан. Ал, Орталық сайлау комиссиясының басшысы өз кезегінде саяси реформаларды жалпы тұрғындардың 77 пайыздан астамы қолдағанын айтты. Осы ретте Нұрлан Әбдіров   Еуропадан келген миссия өкілдеріне  референдумды байқау бойынша атқарған жұмысы үшін алғысын білдірді.
*****
Президенттің жаңғыру бағытындағы бастамаларын іске асыру үшін депутаттардың жұмысы жаңа деңгейге көтерілу керек. Бұл туралы бүгін Мәжіліс төрағасы айтты. Палатаның жалпы отырысында  Ерлан Қошанов  референдумның ел болашағы үшін тарихи маңызы зор екенін, халқымыз өз тағдырын өзі айқындағанын атап өтті.
*****
Қазақстанда бүгін  ресми түрде үш жаңа облыс құрылды. Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құру туралы  жарлыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 3 мамырда қол қойған болатын. Құжат бүгін   заңды күшіне енді.
*****
Семейде жаңадан құрылған Абай облыстық мәслихатының алғашқы отырысы өтті. Жиында облыс мәслихатының тұрақты комиссиясы мен оның мүшелері сайланды. Мәслихат хатшысы болып Қуаныш Сүлейменов бекітілді.  Аумағына келсек, 185 мың шаршы метрден асады. Құрамына 8 аудан және 2 қала енді. Семей, Курчатов қалалары, Абай, Аягөз, Ақсуат, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар аудандары енді Абай облысына қарайды. Халық саны – 638 мың адам. Яғни, Шығыс Қазақстан жұртшылығының 47 пайызы жаңа аймақтың тұрғындарына айналып отыр.
*****
Сонымен қатар, бүгін Жетісу облыстық мәслихаты бірінші сессиясының отырысы өтті. Онда мәслихат хатшысы  болып Гүлнар Тойлыбаева сайланды. Жаңа өңірдің құрамына Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары, Талдықорған және Текелі қалалары кірді.   Әкімшілік орталығы Талдықорған қаласында орналасады.
*****
Бүгін  Ұлытау облысында да мәслихаттың бірінші ұйымдастыру сессиясы өтті. Жиында облыстық мәслихаттың хатшысы сайланды. Жауапты қызметке Бауыржан Шыңғысов бекітілді. Әкімшілік-аумақтық бөлінісіне келсек, Ұлытау облысының құрамына  Жаңаарқа, Ұлытау аудандары мен Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев қалалары кірді. Бұрын Қарағанды өңірінің жалпы жер аумағы 428 мың шаршы шақырым болса, соның 227 мың шаршы шақырымы жаңа облыстың еншісіне берілді. 1 миллион 145 мың тұрғынның 227 мыңы ұлытаулық болады.  
*****
Ал осы жаңадан құрылған Ұлытау өңірінде құрылтай өтеді. Ол 16 маусымға жоспарланған.  Мемлекеттік хатшы өзінің Telegram каналында осылай деп хабарлады. Бұл консультативтік-кеңесші органның құрамында Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, азаматтық қоғам мен саяси партиялардың өкілдері, кәсіпкерлер мен белгілі сарапшылар, сонымен қатар өңірлік қоғамдық кеңестердің мүшелері болады.  Ерлан Қариннің айтуынша, жиынның маңызды міндеттерінің бірі – қоғамның бірігуін одан әрі дамыту үшін идеялар мен қадамдарды әзірлеу.
*****
Елімізде жаңа облыстардың құрылуы  жергілікті мәселенің дер кезінде шешімін табуына септігін тигізеді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл өзгерістердің білім саласына әсері  жөнінде былай дейді.  
*****
Бүгін  Мәжіліс депутаттары Үкіметтің және Есеп комитетінің 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін тыңдады. Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, өткен жылы мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін толық орындады.
*****
Енді қаржы пирамидасын жарнамалағандар 7 жылға дейін сотталады. Бүгін бұл мәселе Мәжілісте талқыланды. Мәжіліс депутаты Юрий Лидің айтуынша, заңды енгізгеннен кейін танымал адамдар, блогерлер, вайнерлер және басқа да тұлғалар белгілі бір қаржы өнімдерін жарнамалау кезінде әлдеқайда сақ болып, жауапкершілікпен қарайтын болады.  ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы, 1-бөлігіне сай 2000 АЕК, яғни 6  млн теңгеден астам сомада айыппұл салу, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған.  Осы баптың 4-бөлігіне сай  үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу жазасы қолданылуы мүмкін. Сондықтан  мұндай  қатаң шара пирамидаға байланысты қылмыстың алдын алады,-дейді депутат.