Қазақстан Елшісі Ливан Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстанның Ливан Республикасындағы Елшісі Расул Жұмалы осы елдің Президенті генерал Мишель Аунға сенім грамоталарын тапсырып, ресми түрде қызметіне кірісті.

Салтанатты шарадан кейінгі кездесу барысында мемлекет басшысына Қазақстанның сыртқы және ішкі саясаты, елдегі демократиялық және нарықтық реформалардың жай-күйі туралы қысқаша баяндалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ливандағы бұған дейінгі ҚР Дипломатиялық миссиясын Елшілік деңгейіне көтеру жайлы шешімі айтыла келе, Қазақстан тарапының Араб әлемімен, оның ішінде Ливанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екені жеткізілді.

М.Аун өз кезегінде Ливанның Қазақстанмен түрлі салаларда ықпалдыстықты өрбітуге ынталы екендігін мәлімдеді. Атап айтқанда, ол екіжақты сауда-экономикалық, гуманитарлық және туристтік байланыстардың болашағына үлкен үмітпен қарайтынын сөз етті. Сұхбат соңында Ливанның Президенті Қазақстан басшылығы мен халқына игі тілектерін жолдады.



Дереккөз: ҚР СІМ