ӨҢІРЛЕРДЕ БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ ҚЫЗМЕТІ ЕНГІЗІЛІП ЖАТЫР

Еліміздің өңірлерінде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымы енгізіліп жатыр. Енді әр аймақтың өз өкілі болады, олардан балалар да, ата-аналар да көмек сұрай алады. Бұл жайлы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер баланың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы өтініштерді, жергілікті атқарушы органдардың және өзге де ұйымдардың әрекеттеріне немесе бейәрекетіне қатысты шағымдарды қарайды. Сондай-ақ олар балаларды қорғау саласындағы мәселелерді шешуге арналған заң жобаларын дамытуға, ілгерілетуге қатысады.

Сонымен қатар бала құқықтары жөніндегі омбудсмендердің мемлекеттік органдар мен білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарына кедергісіз қол жеткізуі қамтамасыз етіледі. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер қоғамдық негізде жұмыс істейтінін айта кетейік.

Қазірдің өзінде жеті облыста бала құқықтары жөніндегі уәкілдер тағайындалып үлгерді. Олардың арасында үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері мен заңгерлер бар.