"Ұлт ұстазы" хабарының кезекті шығарылымында "Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиі мен әліппесінің саяси-әлеуметтік маңызы" тақырыбы жайында сөз қозғалды. Сұхбаттың жазбаша нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз. Шығарылымның толықтай нұсқасын төмендегі аудиодан тыңдай аласыздар.
Бағдарлама спикерлері: Байтенова Қаламқас Қыдырбекқызы – «Ы. Алтынсарин» төсбелгісі, «Халық алғысы» медалінің иегері, Білім беру бағдарламалары орталығының әдіскері.
Қажығалиева Жанат Башаринқызы – «Ы. Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», Білім беру бағдарламалары орталығының әдіскері.
Ахмет Байтұрсынұлы негізін қалаған ұлттық әліпбиіміздің маңызы неде?
Әліпби – ұлттық рух пен мәдениеттің айнасы, мемлекеттің саяси бағытын айқындайтын қоғамдық-саяси мәні зор құбылыс. Ол әлеуметтік тұрақтылық пен еліміздің зияткерлік дамуына тікелей ықпал етеді. Әліпбиді, жазу графикасын таңдау, қолдану саяси мәселе болып табылады.
Халқымыз осы кезеңге дейін үш түрлі әліпби қолданды. Атап айтқанда, араб, латын және кирил. Әр әліпби өз кезеңінде халықты сауаттандыра отырып, қоғамның дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Әліпбидің маңызын терең түсінген Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуына өзгеріс енгізе отырып қазақтың тұңғыш ұлттық әліпбиін жасап шықты. Ондағы мақсаты – қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктерін дұрыс беру, оларға тән таңбаларды іріктеу және орыс миссионерлерінің кирилл әліпбиін енгізуге әрекеттенген қитұрқы саясатына тосқауыл қою.
Ұлт ұстазы 1910 жылдардан бастап араб әліпбиінің құрамындағы қазақ тіліне қажет емес артық әріптерді шығарып тастады да, 28 дыбысқа лайықталған 24 таңбадан тұратын ұлттық әліпбиді құрастырды. Ұлт ұстазының «төте оқу, төте жазу» деген атпен тарихта қалған әлібиінің саяси-рухани маңызы осында.
Жалпы тыңдармандарымызға түсінікті болуы үшін Ахмет Байтұрсынұлының Әліппесінің ерекшелігі туралы қысқаша айтып берсеңіз.
Ұлт ұстазының ұлттық әліпбиімізді құрастыруы бір төбе болса, сол әліпби негізінде «Әліппе» оқулығын жазуы қазақ өркениетіне қосқан ерен еңбек болды. Әліппе оқулығы қазақ тілін оқыту әдістемесінің іргетасын қалады.
Ахмет Байтұрсынұлының ең алғашқы «Әліппесі» 1912-1925 жылдар аралығында жеті рет басылып шықты. Барлығының сыртында «Усул сутие жолымен тәртіп етілген қазақша әліппе» деген жазу бар. Яғни «Дыбысты әдіс» негізінде оқыту. Бұл әдісті ғалым басқа елдердің әдістемесін мұқият саралап барып, қазақ тіліне лайықты деп таңдаған.
Ұлт ұстазы сол кезеңдегі әлем елдерінің әдістемесін зерделей отырып, қазақ баласының сауатын дыбысты әдіс негізінде ашу қажеттігін мұғалімдерге үйретіп, жол көрсетіп берді. Ол француз, неміс, ағылшын, итальян, қытай және орыс тілдерінде басшылыққа алынған әдіс-тәсілдерді талдай отырып, әр тілдің жазу ерекшелігіне қарай әр елдің оқытуда қолданатын әдістері де әртүрлі болатындығына назар аудару қажеттігін ескерткен.
«Дыбысты әдістің» ең басты қағидасын Ахмет Байтұрсынұлы үшке бөліп көрсеткен: «бірінші балаларға әртүрлі дыбыс бар екенін ұғындыру керек, екінші балаларға таныс сөздерді алып, олардың ішінде қандай дыбыстар барын айыртып үйрету керек, үшінші бөлек-бөлек дыбыстарды қостырып сөз айтуға дағдыландыру керек. Мұны білмей тұрғанда балаларға әріп көрсету жарамайды» деп ескертіп кетті.
Ал 1926 жылы «Әліп-бій, Жаңа құрал» оқулығы жарық көрді. 1925-1928 жылдар аралығында бұл Әліп-бій 3 рет басылып шығады. Әр басылым сайын Ахмет Байтұрсынұлы оқулығын жетілдіріп, толықтырып отырған.
Ұлт ұстазы мұғалімдерге «Дыбысты әдіс» негізінде сауат ашу үдерісі негізгі бес әрекеттен тұратынын талдап, нақтылап береді. Олар:
1. Балалармен әңгімелесу;
2. Оқу үйретуге даярлайтын жұмыстар;
3. Сөзден дыбыстарды айырып шығару;
4. Әріптермен таныстыру;
5. Берілген әріптерден сөз құрау, соны оқу.
Біз де Әліппе оқулығын әзірлеген кезде Ахмет Байтұрсынұлының негізгі қағидалары мен әдістерін басшылыққа алып отырдық.
Ұлт ұстазы негізін қалап кеткен Әліппе оқулығының қазіргі таңда қызметі өзгерді ме?
Әліппе оқулығының басты қызметі біреу, ол баланың сауатын ашуға қызмет етеді. Әріптермен таныстырып, дұрыс жазуға және қатесіз оқуға үйрететін бірден бір құрал. Ал баланың жазу мен оқуды игеру жолын жеңілдету мақсатында сауат ашу әдістері жетілдіріліп, оқулық мазмұны нақты уақыт пен қоғам талабына сай әзірленіп келеді.
Ұлт ұстазы «сауаттылықтың негізі оқу емес, жазудан басталады» дейді. Сауатты адам деп оқи да, жаза да білетін адамды айтамыз. Оқи біліп, жаза білмейтін адамды шала сауатты дейміз. Жаза білетіндер, оқи да біледі. Сондықтан сауаттылықтың негізі жазу болады. Өйткені жазу жоқ кезде, оқу да жоқ. Оқу үйренгендегі басты мақсат: керек сөзді жаза білу, жазған сөзді оқи білу - деп атап көрсетеді. Әліппе оқулығы бойынша балаға тек қана оқуды үйренуді мақсат тұтпауымыз керек. Жазу мен оқуды кіріктіре, қамшының өріміндей қатар алып отыру маңызды. Ахмет Байтұрсынұлының осы идеясын 2021 жылы Әліппе оқулығын әзірлеген кезде оқулықтың арқауы, концептуалды бір негізі ретінде қарастырып, баланың жазу дағдысын дамытуына бағытталған тапысырмаларды жүйелі беруге назар аудардық. Сондықтан да оқулық тапсырмаларына қосымша жазу дәптерінде сөздің дыбыстық құрамын пысықтауға, сөз құрап жазуға, сөздерді қатесіз жазуға, сөйлемнің емлесін меңгеруге арналған тапсырмаларды қарапайымнан күрделіге қарай ұсындық.
Ахмет Байтұрсынұлының Әліппесін қазіргі заман талабына бейімдеп, қолдануға болады ма?
Алдымен Ахмет Байтұрсынұлының Әліппесі «төте жазу» яғни араб жазуының ерекшелігіне негізделіп әзірленгенін естен шығармауымыз керек. Ғалым араб жазуын реформалап, қазақ тілінің дыбыстарын ажыратып, таңбасын белгіледі. Араб харіптері ішінен жазуға да, үйретуге де ең оңай үш әріпті бірінші таңдаған. Олар а, р, з. Ал біз қазір кирил харпі негізінде жазамыз. Сондықтан да көпшіліктің ұлт ұстазының әліппесін оқиды екенбіз деуі жаңсақ пікір. Дегенмен ғалымның салып кеткен сауат ашу әдістемесін, оқулық әзірлеудегі негізгі идеяларын кеңінен қолдана аламыз. Мысалы, оқушының жазу дағдысын қалыптастыру үшін әріптер ретін графикасы жеңілден бастап, жазуды үйрену жолын қиындатпауымыз керек. 6 жастағы баланың ұсақ қол моторикасы жақсы дамымағанын ескере отырып, әріп элементтері күрделі емес әріптерден бастаймыз.
Біріншіден, Ахмет Байтұрсынұлының Әліппе оқулығының негізіне алынған сауат ашу әдістемесін қазір де кеңінен қолдана аламыз және қолданып келеміз. Мысалы, Дыбысты әдіс, Жалқылаулы-жалпылау әдісі, оның ішінде «Жазу-оқу әдісі», «Шағын сөзді» әдіс, «Жакота» әдістері. Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған семинарларда осы әдістерді практикада қолдану жолын пысықтап отыруға көңіл бөлеміз.
Екіншіден, Байтұрсынұлының
1) дыбыс жүйелі оқыту (дыбыс жүйесі бойынша оқыту);
2) әрбір дыбыстың сөз жасаудағы қызметін есепке алу;
3) оңайдан қиынға, жеңілден күрделіге өту;
4) білімді тәжірибе арқылы өздігінен алу ұстанымдарын оқу бағдарламасы мен оқулық мазмұнын жетілдіруде басшылыққа аламыз.
Үшіншіден, оқулық әзірлеуде ұлт ұстазының Әліппесіндегі тапсырма беру тәсілі мен қағидаларын зерделеп қолдана аламыз. Сол кездің өзінде ғалым «Ермек-еңбек» айдары арқылы оқу мен жазуды үйретуді, оқушының тәжірибесіне негізделген оқу әрекетін ұйымдастыруды көздеді. Мысалы, «Шыққанын шырпыдан жасау» тапсырмасы бойынша әр оқушы берілген сөздерді шырпыдан құрастыру. Ал «Қисындау» тапсырмасы бойынша осы берілген 6 сөзден сөйлем құрастыру ұсынылады.
Ахмет Байтұрсынұлының әліппесінде «Ермек-еңбек» айдары бойынша Жаңылтпаш жасату тапсырмасы да берілген. Жаңылтпаш жасату жүйесі: алдымен 2 сөзден онан кейін 3 сөзден, соңында 4 сөзден тұратын сөйлемдер құрастырады. Соңында 4 сөзден тұратын сөйлемді 3 рет қайталап айту арқылы жаңылтпаш құрастырылады. Мысалы, 2 сөзден тұратын сөйлемдер: Ор, Ораз! Ораз Озар. Ораз, ор! Ораз орар. 3 сөзден тұратын сөйлемдер: Ораз, аз ора! Аз ора, Ораз! Ораз аз орар! 4 сөзден тұратын сөйлемдер: Зор Ораз, ор Ораз! Ора Ораз, зор Ораз! Бұл тапсырманың мақсаты баланың тілін ұстартып, әр сөзді қатесіз оқуға, шапшаң айтуға дағдыландыру.
Зат аты мен сын атын сәйкестендіру, ұйқас сөйлемдердің жұбын табу, «Тапқан жабады» ойыны, «Ойнаңдар, ойлаңдар» айдарымен берілген тапсырмалар оқушының ойлау қабілетін дамытуға да ықпал етеді. Сонымен қатар ұлт ұстазының әліппесінде қазіргі кезде математика оқулықтарында кездесетін логикалық есептер де кездеседі. Ол баланың сауатын ашу тек жазу мен оқуды үйрету ғана деп қарастырмай, баланың танымын кеңейтуді, ой-өрісін дамытуды көздеді. Мысалы, «Үйдің төрт бұрышында төрт мысық отыр. Әр мысықтың алдында үш мысықтан отыр. Неше мысық отыр?» деген тапсырмасы сөздің мәнін ұғынуға ынталандырып, баланың кеңістікте бағдарлау, қисынды ойлау дағдысын дамытуға ықпал етеді. Тағы бір тапсрымасын қарастырайық: «Төлептің 4 ұлы бар. Төрт ұлының адам басына бір апа, бір қарындасы бар. Төлептің барлық баласы нешеу болғаны?». Бұл тапсырма баланың логикалық ойлау қабілетін ғана емес, оның туыстық атаулардың мәнін түсініп, қолдана білуіне де бағыттайды. Ахмет Байтұрсынұлы өзі әзірлеген Әліппе оқулықтарына сыни көзқараспен қарап, әрдайым жетілдіріп отырғанын айттық. Оған дәлел ұлт ұстазының өз сөзінде: «14 жыл бала оқытып аңғарған, сезген, білген, іс көргендігім болса да, әліппе мінсіз болды демеймін. Ұнамсыз мінді жерін аңғарған адамдар көрсетсе, көп-көп алғыс айтамын» - дей отырып, «Сынағанда біреулері тіпті қолына алып қарамай, екіншілері қараса да танымай сынап жатқан көрінеді. Әркім сынау керек өзінің жақсы білетін нәрсесін. Білмейтін нәрсені сынаймын деп, құр өзінің білмейтінін көрсетеді. Біреудің бір нәрсені білетін, білмейтіні істегенде ісінен көрінеді» - деп сынаушылар туралы пікірін білдіреді.
Осы мәселе бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ. Демократиялық қоғам құрамыз деп, жалаң сын тағумен айналысып кеткендерге тоқтам болар ма екен?!