Тәулік тынысы 18.08.2022

Қазақстан Президенті жұмыс сапарымен Ресей мен Әзербайжанға барады. Бұл туралы президенттің ресми Telegram-дағы каналында жарияланды. Ертең Қасым-Жомарт Тоқаев Сочи қаласында  Ресей Президентімен кездесіп, екі елдің стратегиялық серіктестігінің өзекті мәселелерін, соның ішінде сауда-экономикалық ынтымақтастығын одан әрі дамыту тақырыбын талқылайды. 24 тамыз күні мемлекет басшысы Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиевтің шақыруымен Баку қаласына ресми сапармен барады. Әзербайжан астанасында екі ел басшыларының шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесулері жоспарланып отыр. Келіссөз барысында сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға баса мән беріле отырып, қазақ-әзербайжан стратегиялық серіктестігін дамыту мәселелері қарастырылады. Сонымен қатар екіжақты бірқатар құжатқа қол қойылады.

*****
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Шеврон» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Майкл Уиртті қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады. Кездесуде «Шеврон» компаниясының Қазақстанмен алдағы өзара іс-әрекетінің негізгі аспектілері және бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы мен Майкл Уирт әлемдік энергетика нарығындағы жағдай туралы пікір алмасты. Президент «Теңізшевройл» компаниясының қосымша 2,6 миллиард текше метр газды ішкі нарыққа бағыттау туралы шешімін құптады.
*****
Елордада аз қамтылған отбасылардан шыққан әр балаға 40 мың теңгеден беріледі.  Материалдық көмекпен 16 700-ден астам бала қамтылады. Материалдық көмек өтініш берушінің банк картасына немесе арнайы шотқа аударылады. Қаражат баланың қажет заттарына ғана жұмсалғанын құжат арқылы растау қажет. Оны алу үшін бала оқитын мектепке бару қажет.  
*****
Алматыда 1 қыркүйектен бастап Artsport бағдарламасын қаржыландыру тоқтатылады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесу барысында айтты. Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы балаларға арналған спорт секцияларының қалалық бағдарламасын әзірлеу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
*****
Қазақстандықтар сапасыз жол туралы анонимді шағым түсіре алады. Бұл жайында «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов мәлім етті. Бұл шара «Әділдікті талап ет» атты респбуликалық акция аясында жүзеге асады. Оның айтуынша, бірлестіктің ресми сайтындағы мәліметтерді пайдаланып әр азамат өз бетімен жолдың сапасын тексере алады. Adildik.kz сайтына немес «1463» call-орталығына хабарласуға, сапасыз, шұрық-тесік жолдың фотосы мен видеосын жіберуге болады. Тіпті аты-жөніңізді айтпай, құпия түрде де шағым түсіре аласыз.
*****
Биыл қыркүйектен бастап Жезқазған қаласына «Тальго» пойыздары қатынайды. Ол үшін күн ара № 65/66 «Нұр-Сұлтан – Жезқазған» және № 73/74 «Алматы-2 – Жезқазған» бағытындағы пойыздар жолға шығады.
*****
Елордадағы Мәңгілік ел даңғылындағы жөндеу жұмыстарының аяқталуына екі күн қалды. Бұл туралы қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасынан мәлім етті. «Ауа райының қолайсыздығына байланысты Мәңгілік ел даңғылындағы жөндеу жұмыстарының мерзімі ұзарды. Барлық жұмыстарды 20 тамызға дейін аяқтау жоспарлануда. Бүгінгі таңда тек Мәңгілік ел даңғылының Керей-Жәнібек хандар көшесінен Бұқар Жырау көшесіне дейінгі бөлігі ғана жабылды», - делінген құзырлы орган жауабында. Басқарма дерегінше, қазан айының ортасына дейін елордадағы 131 көшені жөндеу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 46-сында жұмыстар аяқталды.
*****
Тұрғын үй жалдау субсидиясына ең көп өтініш  Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарынан түскен. «Отбасы банк» акционерлік қоғамының хабарлауынша, өңірлер бойынша бөлінген лимиттер саны әртүрлі. Қабылданған өтініштердің бөлінген лимиттерге қатынасының пайыздық үлесі туралы айтатын болсақ, Нұр-Cұлтан қаласы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары алдыңғы қатарда. Ал, Алматы, Қызылорда, Жамбыл облыстары аталған тізімнің соңында, яғни өтініштер саны бөлінген лимиттен аспаған.
*****
БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Львов қаласына барды, деп хабарлайды «Хабар 24». Бұл туралы ұйымның ресми сайтында жарияланды. Украинада әскери шиеленіс басталғалы бері бұл бас хатшының екінші сапары. Львов қаласында ол Украина басшысы Владимир Зеленскиймен және Түрік Президенті Реджеп Ердоғанмен келіссөздер жүргізеді. Бұдан кейін Антониу Гутерриш Черномор бастамасы аясында жасалған астық келісімін іске асыратын украиналық порттың біріне барады. Сонымен қатар бас хатшы Ыстамбулға тоқтап, бірлескен үйлестіру орталығының жұмысын көріп қайтады.
*****
Украинаның мектептерінде бағдарламадан орыс тілі мен әдебиеті алынып тасталды ⠀ Бұл туралы РИА Новости басылымы Украинаның білім министрлігіне сілтеп, хабарлайды. ⠀ Орыс және беларус жазушыларының туындылары О.Генри, Анна Гавальда, Жан де Лафонтен, Ульф Старк сынды шетелдік жазушылардың шығармаларына ауыстырылды. ⠀ "Шетел әдебиеті" курсында орыс тілінде жазған, бірақ өмірі мен шығармашылығы Украинамен тығыз байланысты болған тұлғалар ғана қалды. Олар — Николай Гоголь, Владимир Короленко, Михаил Булгаков. ⠀

Қырғызстанның бұрынғы президенттері Құрманбек Бакиев пен Алмазбек Атамбаевтың үйлерінде балаларға арналған оңалту орталықтары ашылады, деп хабарлайды inbusiness.kz  бұл елдің еңбек министрлігінің сайтына сілтеме жасап. "Тәулік бойы жұмыс істейтін бұл орталықтарда мүгедектігі бар балалар, жүйке жүйесінің, тірек-қимыл аппаратының немесе сезім мүшелерінің мүгедектікке әкеліп соққан ауруларына шалдыққан балалар, психикалық және мінез-құлық бұзылулары бар балалар ем ала алады. Бакиевтің үйі Бішкек қаласында, Атамбаевтыкі Қой-Таш ауылында орналасқан. Қазір екі ғимарат та мемлекет меншігінде.
*****
Ақмола облысының Бестөбе кентіндегі шахтада 23 жастағы жігіт қаза тапты. Оқиға кеше болған. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Мәліметке сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданының тұрғыны аталған шахтаға заңсыз түспек болған кезде ауыр жарақат алып, сол жерде көз жұмған. Қазір аталған іске қатысты қылмыстық іс қозғалып, сот-медициналық сараптама тағайындалды.
*****
Ақтөбеде қабаған ит екі баланы қауып алды, деп хабарлайды Polisia.kz. 10 және 16 жастағы кәмелетке толмаған балалар аулада ойнап жүрген. Осы кезде оларға жақын маңдағы стаффорд-шир бультерьер тұқымды ит шабуыл жасаған. Балалардың бірінің ағасы итті көріп, балаларды қорғауға тырысқан. Жағдайды көрген көршісі үйінен тіркелген қаруын алып шығып, итті атып, жарақаттады. Ветеринарлық қызмет келгеннен кейін итті ұйықтатып тастаған.Жарақат алған балалар ауруханаға жеткізілген. Полиция иттің иесін анықтап,