30 тамыз - 1 қыркүйек арасында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі Түркия Республикасының Бурса қаласында өтіп жатқан ІІ халықаралық әскери оркестрлер фестиваліне қатысып жатыр.
Қазақстандық әскери өнерпаздар фестивальге оны ұйымдастырушы халықаралық ТURKSOY түркі мәдениеті ұйымының шақыруымен келді.
Бурса қаласы ТURKSOY ұйымының мәдени орталығы ретінде бекітілгендіктен осынау тарихи мекенде түркі тілдес елдердің оркестрлері бас қосты.
Фестиваль үш күнге созылады, оның бағдарламасы бойынша өнерпаздар қала орталығымен шеру тартып жүріп өтеді, ал кешкілік үлкен сахнада бас қосып, ұлттық және патриоттық әуендер орындайды.
Қазақстандық Президенттік оркестр фестивальде отандық танымал композиторлардың ел мен жерге арналған рухты шығармаларын орындайды. Олардың қатарында Ә.Бестібаевтың “Азия дауысы”, Шернияздың “Салтанатты шеру”, Е.Ынтықбаевтың “Қазақ елі”, Л.Хамидидің “Қазақ вальсі”, А.Федяниннің “Қазақ кәдесі” секілді әндерімен қатар Президенттік оркестрдің жетекші өнерпаздары Талғат Бердіғұловтың “Наурыз”, Жандос Мұхтаровтың “Ұлы дала” туындылары да орындалады.
Президенттік оркестрдің белді орындаушылары халықаралық сайыстардың лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, күйші-композитор, “Құрмет” орденінің иегері Олжас Сүлейменов, республикалық және дүниежүзілік авторлар шығармаларын жоғары деңгейде орындаушы ретінде танылған әншілер, республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегерлері Әсел Мәдекешова, Әлібек Ізбасаров және Мейрамбек Қарағанды үрлемелі аспаптар оркестінің сүйемелдеуімен патриоттық шығармалар орындап, қазақ мәдениетін кезекті рет халықаралық аренада таныстырмақ.
Қазақстандық әскери өнерпаздарды фестивальге президенттік үрлемелі аспаптар оркестрінің бастығы, Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі, өнертану ғылымдарының магистрі, дирижер Құрмет Бейсембаев бастап келді.






Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі.