Қазақстан халқы екі айдан соң елдің жаңа Президентін сайлайды

Қазақстан халқы екі айдан соң елдің жаңа Президентін сайлайды. Бұл саяси науқанның ел тұрғындары үшін маңызы жоғары. Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының отбасы және жастар мәселелері жөніндегі бөлім басшысы Нүркен Аралбеков конституциялық реформаның іске асуының арқасында сайлау науқаны да барлық заң талабын сақтай отырып жүргізілетініне сенімді. Жас маман соңғы үш жылда жасалған өзгерістер мен конституциялық реформа мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа үлгісін қалыптастырып келеді деп бағамдайды. Оның пікірінше, бұл сайлау науқаны ел экономикасын қарқынды дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

*****
Шығыс Қазақстанда биыл мал ұрлығы 7 пайызға азайды. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір аумағында «Барымта» жедел алдын алу шарасын жүргізді. Оған 500-ге жуық полиция және ветеринариялық бақылау қызметінің 42 маманы жұмылдырылған. «Үш күн ішінде бұрын жасалған 5 мал ұрлығы анықталды. Арнайы тұраққа бейберекет жайылған 600-ден астам мал арнайы орынға қамалды. Сондай-ақ жоғалып кеткен 32 бас мал табылып, иелеріне қайтарылды», - делінген ақпаратта. Құжаты жоқ мал өнімдерін тасымалдаған және сатқан 22 адам Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 406-бабына сәйкес жауапқа тартылған.
*****
60-қа жуық кітап оқыған павлодарлық оқушылар велосипед ұтып алды. Осынша кітапты оқып тауысу үшін шәкірттерге 5 ай уақыт қажет болған. Павлодар қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Үздік оқырман» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Қатысушылардың ішінде ең көп кітап оқыған - зейнеткер Қуат Шуақбаев. Ол 109 кітап оқыған. Үлкендер жастардың талабына қолдау білдіру мақсатында байқаудың екінші кезеңіне қатысудан бас тартқан. Сондықтан екі велосипед те оқушыларға бұйырды. Екінші кезеңде белгілі жазушылардан құралған қазылар алқасы байқауға қатысушыларға сұрақтар қойып, нақты кітап оқығандарды анықтады. Байқау қорытындысы бойынша ең жас оқырмандардың бірі 25 кітап оқыған №8 лицейдің 2-сынып оқушысы Игнат Гайсин трюктік самокат жеңіп алды. Сондай-ақ 59 кітап оқып, солардың мазмұны бойынша мүдірмей жауап берген қалалық №35 мектептің 6-сынып оқушысы Бердібек Жәнібекұлы мен 30 кітап оқыған Кенжекөл орта мектебінің 4-сынып оқушысы Бексұлтан Самиға велосипед иегерлері атанды. Алдағы уақытта Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған бейнероликтер байқауының қорытындысы шығарылады. Онда оқырмандар оқыған шығармаларының негізінде бейнеролик дайындайды.
*****
Семейде робототехника орталығы ашылды. Ашылу рәсіміне аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев, демеушілік көрсеткен «Сәби» қорының негізін қалаушылар Әсел Тасмағамбетова мен Кеңес Рақышев қатысты. Әкім өз сөзінде осындай цифрлық орталықтың ашылуы облыс балалары үшін өте маңызды екенін, өйткені робототехника – болашақта мүмкіндігі зор бағыттардың бірі болатынын айтты. Орталықтың жалпы ауданы - 75 шаршы метр. Жобаға 26,3 миллион теңге жұмсалған.  Робототехника үйірмесіне барлық оқушы тегін қатыса алады.
*****
Маңғыстаулық жеті дүркін әлем чемпионы Ильдар Ягьяев стритлифтинг және уоркаут спорт түрінен әлемдік рекорд орнатып, есімі Гиннестің рекордтар кітабына жазылды. Спортшы 40 фунт салмағы бар затты аяғына байлап, турникке 10 рет тартылған.