ҚР Президенті сайлауына кандидаттар үгіт-насихатты белгіленген талаптарға сай жүргізуі тиіс. «Сайлау алды үгіт-насихат кезінде сайлаушыларға тауарларды, қызметтерді, бағалы қағаздарды тегін немесе жеңілдікпен беруге тыйым салынады. Сонымен қатар, дауыс берушілерге ақша төлеуге, лотерея ойнатып, қайырымдылық акцияларын өткізуге болмайды», - деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова. Оның айтуынша, үгіт-насихат кезінде кандидат және оның алдағы жоспары туралы баспа материалдарын таратуға рұқсат. Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафина әр кандидатқа үгіт-насихат жүргізу үшін бюджеттен тең дәрежеде қаржы бөлінетінін айтты. «Кандидаттарға бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуы бақыланады.
*****
Мемлекет басшысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдады. Әкім аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы есеп берді. Айтуынша, өнеркәсіп өнімінің көлемі 534 миллиард теңгеге жетіп, 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 125 миллиард теңгеге өскен. Облыста 26 инвестициялық жоба іске қосылып, 936 жұмыс орны ашылған. Облыс әкімі бюджет есебінен 59 мектеп салынып жатқанын, нәтижесінде биыл 4 апатты және 2 үш ауысымды мектептің мәселесі шешілетінін баяндады. Бұдан бөлек, жеке инвесторлар 13 мектепті пайдалануға берді. Президент Түркістан облысында қолға алынған жобаларды жалғастыруды және халықпен тығыз жұмыс істеуді тапсырды.
*****
Түлектерге мемлекеттік грант берудің сараланған моделіне көшуіміз қажет. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты. Министрдің айтуынша, мектеп бітірушілердің барлығын 100 пайыз грантпен қамту мүмкін емес. Сондықтан алдағы уақытта грант ретінде оқу ақысының 30 пайызы ғана төленуі мүмкін. Бұл Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында айтқан «Әділетті Қазақстан» моделіне сай жасалады, - дейді министр.
*****
Ертең Астана іргесіндегі Қосшы қаласында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Қарағанды, Ұлытау, Абай облыстарының және Астана маңындағы аудандардың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен келіссөздер жүргізілген. Соның арқасында Қосшы қаласында апта сайын сенбі күндері жәрмеңке ұйымдастырылады. Жәрмеңке Қосшы қаласы «Лесная поляна» тұрғын алабында өтеді. Мұнда жылқы, сиыр, қой етін, сүт өнімдері, өсімдік майы, көкөніс, жеміс-жидектер, табиғи бал, т.б. тауарлар сатылымға шығарылады.