Елімізде азық-түлік бағасы бір жылда 23,1% қымбаттады

Елімізде азық-түлік бағасы бір жылда 23,1% қымбаттады. Ал инфляция бой берер емес. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ол қазанда тағы 1,6 пайызға көтеріліп, 18,8 пайызға жетті. Бұл соңғы 25 жылдағы антирекорд. Инфляцияның шарықтауына азық-түліктен бастап, түрлі тауар мен қызметтердің қымбаттауы себеп. Әсіресе қант, ұн, макарон өнімдері мен сүт және қарақұмық бағасының айтарлықтай көтерілгені байқалады. Бұған геосаяси ахуал, тауар тасымалының қиындауы секілді мәселелер әсер етіп отыр, дейді сарапшылар.

*****
Сот Атырау облыстық полиция департаментінің бұрынғы патрульдік полиция қызметкеріне қатысты үкім шығарды. Тәртіп сақшысы Өзбекстан азаматынан көші-қон қызметі бөлімінен құжаттарын алып беремін деп 600 мың теңге алған. Ақшаны «бастықтарға» беремін деп, өзінде қалдырған. Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, жасырын бейнежазбалармен дәлелденді. Сот полицейді кінәлі деп танып, өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан және «аға лейтенант» шенінен айыра отырып, параның 30 еселенген сомасы – 18 000 000 теңге айыппұл төлеуге үкім шығарды.
*****
ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТ АШЫЛАДЫ. Бұл туралы өңір әкімі Берік Әбдіғалиұлы хабарлады. Оның айтуынша, бұл жоғары оқу орнына көптеген шетелдік мамандар тартылады, деп хабарлайды «Хабар 24». Нәтижесінде осында білім алатын студенттер шетелдік дипломға қол жеткізе алады. Қазір жауапты министрлік өкілдері беделді университттермен тиісті келіссөздер жүргізіп жатыр. Сондай-ақ өңірде ескі футбол клубын жаңғыртып, жастар хоккей командасын құру жоспарда бар.
*****
Алматыда Орталық Азия елдерінің VIII халықаралық театр фестивалі шымылдығын түрді. Бұл жолғы дәстүрлі шара қазақтың заңғар жазушысы  Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналды. Өнер сайысына 60-қа тарта қойылым ұсынылған. Іріктеу комиссиясы соның 11-ін ғана таңдап алды. Онда отандық театрлардан бөлек, Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан елдерінен келген ұжымдар да бақ сынайды. Ел атынан төрт бірдей спектакль сомдалмақ. Атап айтқанда,  Мұхтар Әуезов театры «Қан мен тер» драмасын, Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры «Шағала» трагедиясын ұсынады. Ал, Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры «Дон Кихот» трагикомедиясын, Ақмола облыстық драма театры «Көксерек» спектаклін  қояды. Сонымен қатар, фестиваль аясында «Қазақстан сценографтарының»  көрмесі мен  жекеменшік театрлардың  көрсетілімі SHOWCASE ұсынылады. Өнер додасы 7-ші қарашаға дейін жалғасады. Фестиваль Мұхтар Әуезовтың әйгілі "Қарагөз" трагедиясымен ашылды.
*****
Бүгін еліміздің 11 өңірінде күн райы күрт суытты. Осы орайда Қазгидромет дауылды ескерту жариялады. Синоптиктердің болжамына сүйенсек, Шымкентте қатты жауын-шашын мен жел соғады деп күтіліп отыр. Түркістан облысында да жаңбыр жауып, кей аймақтарда тұман болады. Жамбыл облысында күндіз желдің жылдамдығы секундына 28 метрге дейін жетуі мүмкін. Қызылорда мен Қарағандыда осындай құбылыстар байқалады. Ұлытауда қарлы боран басталып, жер көктайғақ болуы ықтимал. Батыс Қазақстанда да ауа райы бұзылады.