«Қазақ» газеті бірінші биліктің қызметін атқарды

«XX ғасыр басында ұлттық сананың ұйытқысы болған газет-журналдардың ішінде ең ұзақ өмір сүргені «Қазақ» екені баспасөз тарихын зерттеушілерге жаңалық емес.

1907 жылы жарық көрген «Қазақ газеті» мен «Серке» журналының ғұмыры тым қысқа болды. Бар болғаны 2-3 номері ғана басылып шығып, патша үкіметі жендеттерінің қолымен жөргегінде тұншықтырылды.

Ал 1911 жылы қазақ оқырманына жол тартқан «Қазақстан» газеті мен «Айқап» журналының тағдыр талайы бірінші дүниежүзілік соғыс салдарынан 3-4 жылдан аспады. Олардың ізін ала дүниеге келген «Қазақ» газеті болса, 1913 жылы Қазақстанның тұңғыш астанасы Орынбордан атойлап үн қатып, ә дегеннен қаймана қазақтың жүрегін жаулап алды да, 1918 жылы Алашорданың бас қаласын большевиктер жаулап алғанға дейін 6 жыл бойы үзбей шығып тұрды.

Ахмет Байтұрсынұлынша айтсақ, шын мәнінде, «халықтың көзі, құлағы Һәм тілі» қызметін абыроймен атқарды. «Алаш» баспасөзі нақтырақ айтсақ, «Қазақ» газеті «төртінші» емес, «бірінші билік» қызметін атқарды деп нық сеніммен айта аламын» дейді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы, ф.ғ.к, алаштанушы-ғалым Қайрат Сақ «Ұлт ұстазы» хабарына берген сұхбатында.

Хабарды дайындап, жүргізген Толқын Сұлтан.

Сұхбаттың толық аудионұсқасы төмендегі сілтемеде.