Ел болашағы бәріміздің қажырлы еңбегімізге байланысты – Қ.Тоқаев

Бүгінгі буынның сөзі мен ісінің шынайы бағасына уақыт төрелік айтады. Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде осындай пікір білдірді.

«Қазіргі заман уақытты жылдамдатып, оқиғалар тізбегін қабаттастырады. Сөзіміз бен ісіміздің шынайы бағасын тарих таразысы ғана береді. Ар-ұжданымыздың тазалығы мен халқымыздың құрметі – бәріміз үшін үлкен сый. Біз – рухани мұрасы бай, қарқынды даму әлеуеті зор, қуатты әрі өзін-өзі толық қамтамасыз ете алатын ұлтпыз. Шығыстың ұлы ұстазы Әл-Фараби адамдарды әділ болуға, ақиқатты сүюге, ар-намысты қастерлеуге, сабырлы болуға және қашан да білімге ұмтылуға үндеді», - деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, ол тарихта абыройлы атпен қалу үшін жұмыла атқарған еңбек қажет екенін еске салды.
«Мемлекеттілігіміздің дамуында қуатты серпіліс жасай алған ұрпақ ретінде тарихта қалуға зор мүмкіндігіміз бар екеніне сенімдімін. Елдің келешегі бізге, барлығымыздың қажырлы еңбегімізге байланысты», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.