Ахмет Байтұрсынұлы мен алаштықтардың Орынбордағы қара шаңырағын жоғалтпауымыз керек

Ахмет Байтұрсынұлы мен алаштықтардың Орынбордағы қара шаңырағын жоғалтпауымыз керек.

Дәметкен Сүлейменова т.ғ.к., Жаһанша Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті «2019 жылы Орал қаласындағы Ж.Досмұхамедов атындағы жоғарғы педагогикалық колледжінің «Жаһанша ізімен» атты экспедициясымен, ғылыми қызметкер ретінде іс сапарға шықтық. Сапарымыздың мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлы сынды Алаштың ұлдарының оқыған, қызмет істеген ордаларын көру.  

Қазақ АКСР-інің үкімет үйі болған, Жалпы Қазақ сиезі өткен бұрынғы Қазақ автономиясының астанасы болған Орынбор қаласының сәулетті орындарымен танысу болған. Міне, осы мақсатта Орынбор қаласының қазақтар қауымдастығымен хабарласып, ойлаған жерлеріміздің бәрін араладық. Ахмет Байтұрсынұлының тұрған үйіне бардық. Мол ақпарат алдық.

Сөйтіп тұрғанда гид былай деді: «Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үй сатылымға қойылды. Меніңше, қымбат сұрап отырған сияқты. Бірақ, әзірге бұл үй әлі өткен жоқ». Міне осы сөз менің жүрегіме оқтай қадалды. Қатты қобалжыдым. «Бұл үйді сатып алған адам мүмкін, құлатып тастап, басқа ғимарат салар... Сонда Ахаңдай қайраткерімізден қалған мұра, көзі түгелдей жойылып кетпей ме? Бұл үйді тарихи ескерткіш ретінде қалай алып қаламыз?» осындай сауалдар тынымсыз ойға оралып, мазамды қашырды.

Сондай-ақ, 1917 жылы Бірінші жалпықазақ сиезі, екінші жалпықазақ съезі  өткен ғимаратта болдық. Ішіне кіре алмадық. Есік-терезелері жабық, азып-тозып тұр. Сыртында Қазақстаннан келіп орнатып кеткен тақта ғана тұр. Өте жақсы жерде орналасқан. Ертең құлатып тастаса ше?! Тарихи дәлеліміз қайсы?

Осы екі ғимаратты ел болып, мәселе көтеріп, алып сатып алып, Алаш зиялыларының музейі ме, орталығы ма әйтеуір сол жерде тұратын бауырларымыз бас қосатын, қазақтың иісі шығып тұратын үлкен ордаға айналдырсақ, екі ғимаратқа да басшыларын тағайындап, бас көз болып отырса, сонда ғана Орынбор қазақтың астанасы болған дегенді ұғымды ұстап қалар ма едік?!

Міне, бұл ұрпақ алдындағы атқарылған үлкен іс болар еді. Осы хабарымызды естіп, еліміздің намысты, қалталы азаматтары бейжай қарамайды деп сенемін. Бұл қарашаңырақ қазақ үшін өте маңызды. Өткеніміздің белгісі. Осыны мемлекет тарапынан қолдаса нұр үстіне нұр болар еді.