Ақмола облысында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық басталды

Ақмола облысында алдағы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық белсенді түрде жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

2022 жылдың жазғы-күзгі кезеңінде елді мекендерді инженерлік қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес облыс аумағында 65 елді мекенде су тасқынына қарсы іс-шаралар өткізілді. 5 км-ден астам өзен арналарын тазарту, 24 км су бұру арналарын жайластыру және тазарту, 6 км үйінділер мен бөгеттерді нығайту және салу, 34 бірлік су өткізу құрылыстарын жайластыру, Жабай өзенінің 0,1 шақырым арнасын түзету бойынша жұмыстар атқарылды, - делінген ведомство таратқан хабарламада.

Былтырмен салыстырғанда 2023 жылға арналған резерв облыстық бюджетте 15,5%-ға, облыстың қалалары мен аудандарының бюджеттерінде елді мекендерден қар шығаруға 28%-ға, облыстың 9 ауданында жарылыс жұмыстарын жүргізуге өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артық жоспарланған.

Биыл тұрғын үйлерді су басуға жол бермеу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен елді мекендерден 90,3 мың м3 қар шығарылды. Су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою үшін 154 тонна жанар-жағармай, 15,6 мың тонна инертті материалдар, 63,2 мың қапшықтар көлемінде қорлар дайындалды. Өзендердің қауіпті учаскелеріндегі судың жай-күйі мен деңгейіне мониторинг жүргізу үшін 92 қосымша бақылау бекетінің тәулік бойы кезекшілігін ұйымдастыру жоспарланып отыр.


Фото: gov.kz