ҚазҰУ-да үш жатақхананың құрылысы басталды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әрқайсысы 1060 орындық, жалпы 3180 орынға арналған заманауи үш жатақхана құрылысының іргетасын қалау рәсімі өтті. ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңі аясында салынғалы жатқан жатақханалар 2024 жылдың күзінде аяқталады деп жоспарлануда.

Тоғыз қабатты үш жатақхананың жалпы ауданы  49 703,94 шаршы метрді, ал ғимаратты салуға бөлінген аумақ 1,24 гектарды  құрайды. Студенттер үйінің әр қабатында заманауи оқу залдары, демалыс орындары, асхана, кофехана, спортзал, тұрмыстық бөлмелер қарастырылған. 70 шаршы метрлік толыққанды жабдықталған бір бөлме төрт адамға арналған.

Оның ішінде үш жатақханада инклюзивті білім беру талаптарын орындау мақсатында мүмкіндігі шектеулі білім алушы жастарға арнайы 132 төсек-орын қарастырылған.

Салтанатты шараға университет басшылығы, ҚазҰУ ардагерлері, инвесторлар, БАҚ өкілдері, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.

2022 жылы 1 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қызметімен танысып, ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңінің бас жоспарына үлкен қолдау білдірген болатын. Ал ағымдағы жылдың 7 қараша күні Мемлекет басшысы білім ордасының Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевты қабылдап, университет қалашығын жаңғырту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Жаңадан бой көтеретін жатақханалар Президент тапсырмасымен, ҚР Үкіметінің қолдауымен жүзеге асып отыр.  Сәуір айында ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров және ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен ІІ кезеңнің  басталуына байланысты естелік капсула салынды.

Құрылыстың басталу рәсімінде ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев: «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету – маңызды мәселе. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек», – деп атап өткен болатын. ҚазҰУ-дың ІІ даму жоспары бойынша қалашықта жалпы 12 жатақхана, 8 оқу корпусы бой көтереді. Басты мақсат – білім алушылар үшін тұрғын-жай тапшылығын қысқарту.

Жаңа жыл қарсаңында төрт оқу корпусы, қаңтар айында 35 000 шаршы метр емхана құрылысы басталады. Медициналық орталықта поликлиника, медицина және денсаулық сақтау факультеті, стоматология жұмыс істейтін болады. Бұған қоса, қызметкерлерге арналған тұрғын-жай, инновациялық орталық, IT хаб, спорттық-сауықтыру орталығы т.б. ғимараттар салынады.

ҚазҰУ қалашығының ІІ даму жоспары алдағы уақытта кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Бұл құрылыс жұмыстары алдағы үш жылға жоспарланып отыр. Алдағы күзде ҚазҰУ 90 жылдығын салтанатты түрде  атап өтеді. Бұйыртса, осы  қуанышқа орай, алғашқы жатақхана пайдалануға беріледі», – деді.

Сөз соңында Жансейіт Қансейітұлы жатақхана құрылысының басталғанын ресми жариялап,  инвесторлармен бірге студенттер үйінің іргетасын қалады.

Айта кетейік, қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 15 жатақхана бар. Онда оқу ордасының 6 мыңға жуық студенті орналастырылған.

Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ҚР Үкіметі 2026 жылға дейін 30 мың студентті жатақханамен қамтамасыз етуді көздеп отыр.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қазірдің өзінде студенттер жатақханаларындағы орын тапшылығы үш есе, яғни 2022 жылғы 55 050-ден 2023 жылғы қазанда 17 488-ге дейін азайғанын жеткізді.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі