Қазақстан мен Сингапур президенттері келіссөздер жүргізді

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев  Сингапур Республикасының Президенті Халима Якобпен кездесті. Бұл туралы Президенттің  баспасөз  қызметі хабарлады.

     Мемлекет басшысы Сингапур президентімен кездесу барысында екі елдің саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларындағы маңызды мәселелерін талқылады. Екі ел басшылары экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту, елімізде бірлескен кәсірорындарды ашу туралы сөз қозғады. Кездесуде Алматы қаласының маңындағы G4 City агломерациясын  салу бойынша бірлескен инвестициялық жобаны жүзеге асыру, қаржы институттары арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне баса назар аударды.

Халима Якоб мемлекет басшысына сингапурлық делегацияны шақырып, ерекше құрмет көрсеткені үшін алғыс білдірді.Сонымен қатар, Қазақстан мен Сингапур арасындағы өзара серіктестікті жоғары бағалады.

Нәтижесінде, ресми делегация мүшелері келесі құжаттарға қол қойды:

1. Қазақстан Республикасы мен Сингапур Республикасы арасындағы қызметтер мен инвестициялар саудасы туралы келісім;

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы Орталық Азия елдерінің мемлекеттік қызметшілерінің әлеуетін арттыру бағдарламасы шеңберіндегі ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум (С5);

3. «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен «Enterprise Singapore» арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;

4. «QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мен Enterprise Singapore арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.

Мемлекет басшысы  Халима Якобты екіжақты қатынастарды дамытуға қосқан зор үлесі үшін I дәрежелі “Достық” орденімен марапаттады.