5 бала Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны атанды

2023 жылғы 14 қарашада Қазақстан Республикасының халық саны 20 миллион адамға жетті, деп хабарлайды qazradio.fm Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

"20 миллионыншы азаматтың туған күні барлық қолда бар демографиялық деректерді ескере отырып айқындалды: Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға келген және одан шыққан, туғандар мен қайтыс болғандардың саны. Бұрын халық саны туралы мәліметтер қолмен өңделетін және бұл көп уақытты қажет ететін. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің интеграциясы бұл процесті жеделдетуге және 20 миллионыншы азаматтың туған күнін жоғары дәлдікпен және қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік берді", - деп жазды Ұлттық статистика бюросы.
Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар.

Естеріңізге сала кетейік, 1991 жылы Қазақстан Республикасының халық саны 16,4 млн адамды құрады. Тәуелсіздік жылдарында ел халқы 22,3% өсті.

Фото: gov.kz