Түркия астанасында тұңғыш рет «Қымыз-fest» фестивалі өтті

Түркия астанасы Анкара қаласында тұңғыш рет «Қымыз-fest» фестивалі өтті, деп хабарлайды Qazaqstan.tv

Қазақ этноауылында ұйымдастырылған шараға келген қонақтар ұлттық сусынымыздан дәм татты. Көпшілікті әсіресе желіге құлын байлау мен бие сауу тәсілі қызықтырды. Түркиялықтардың қымыз сусынынан хабары болғанымен, оның қалай дайындалатынын көбі біле бермейді. ТҮРКСОЙ ұйымы мен Қазақстанның Түркиядағы елшілігі ұйымдастырған қымызмұрындық аясында ұлттық ойындарымыз дәріптелді. Киіз үйде жайылған қазақы дастарханда ұлттық тағамдарымыз ұсынылды. Қымыздың бірнеше түрінен ауыз тиген меймандарға ұлттық сусынның ерекше қуаты мен денсаулыққа пайдасы туралы мағлұмат берілді.


Фото: dknews.kz