«Қазақстан» телерадиокорпорациясының медиамектебі екінші кезеңін аяқтады

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының медиамектебі бүгін екінші кезеңін аяқтады.  ЖОО-ның журналистика, медиатехнология, кино өнері және телевизия факультетінің III, IV курс студенттеріне арналған жобаның жаңа кезеңіне қатысуға 90-нан астам өтінім түсіп, оның ішінен арнайы комиссия шешімімен 35 студент іріктеліп алынған болатын.

Бүгін  ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі студенттерге медиамектепті тәмамдағаны туралы сертификаттар табыстады. «Ақпарат айдынындағы алғашқы қадамдарыңызды еліміздің басты арнасы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан бастау – сіздерге берілген үлкен мүмкіндік. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының өзіндік дәстүрі, жолы бар үлкен медиахолдинг ретінде медиамектеп ашып, жастарды оқыту тәжірибесі  өз жемісін беріп отыр. Медиамектептің өткен жылғы түлектері бүгінде Корпорация құрылымдарында, өзге де медиаларда қызмет етіп жүр. Сіздердің араларыңыздан болашақта бұқаралық ақпарат құралдары саласының білікті мамандары шығатынына еш күмән жоқ. Медиамектептен алған білімдеріңіз еңбек жолында септігін тигізеді деп сенемін», - деді министр.


Медиамектеп қатысушылары 6 айдан астам уақыт бойы «Qazaqstan», «Qazsport», «Abai TV», «Balapan» телеарнасы және «Қазақ радиолары» ЖШС мамандарынан шығармашылық және техникалық бағытта, ақысыз негізде білім алды.


Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай медиамектепті тәмамадаған жас мамандарға еңбек жолын «Қазақстан» телерадиокорпорациясынан бастауға мүмкіндік берілетінін атап өтті. «Медиамектептің мақсаты – Корпорацияның, бай тәжірибесін, құндылықтарын сіңіре отырып, ізбасар мамандар даярлау, біліммен бөлісу. Алғашқы кезең түлектері арасынан 10 маман қатарымызда қызмет етіп жүр. Жарты жыл практикалық білімін шыңдаған биылғы қатысушыларды да еңбекпен қамту басты назарда болады», - деді Л.Танысбай.