Номиналы 10 000 теңгелік мерейтойлық банкнота айналымға енеді

Қазақстан Ұлттық Банкі  ұлттық валютаның 30 жылдығына орай 2023 жылғы 15 қарашадан бастап номиналы 10 000 теңгелік мерейтойлық банкнотаны айналымға шығарады, деп хабарлайды qazradio.fm.

Банкнотада 19 қорғаныш элементі бар. Монета бейнеленген дизайнда негізгі голографиялық элемент – теңгенің «₸» белгісі қолданылған. Банкнотаның екі жағында да шексіз қозғалыстың символы – «Мёбиус лентасы» бар.

Банкнотаның алдыңғы бетінде қазақы ою-өрнекпен дәстүрлі стильде безендірілген Қазақстан картасы аймақтарымен бейнеленген. Банкнотаның екінші бетінде картадағы Еуразия құрлығының жалпы контуры сызылған. Онда 5 мм магнитті қорғаныш жіп пен «₸» белгісі түріндегі Спарк элементі бар.

Номиналы 10 000 теңгелік мерейтойлық банкнота өз құнына сай Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға жатады. Сондай-ақ банктік шотқа салуға, Қазақстан Республикасының барлық банкінде аударуға және ұсақталуға міндетті.

Фото: Pixabay