Астанада 200 домбырашы бір уақытта күй шертті

Елордада «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты шілденің бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күніне орай «Dombyra Party» іс-шарасын ұйымдастырып, «Алтын домбыра» орталығының 200 шәкірті қазақ күйлерін орындады.

 «AMANAT» партиясының Хатшысы Дәулет Кәрібек домбыра – ұлттық мәдениетіміздің, руханиятымыз бен өнеріміздің алтын қазынасы екенін атап өтті.

«Қазақ бар жерде – қасиетті домбыра, домбыра бар жерде – ұлы қазақ халқы бар. Он тоғыз перне, қу шанақта халқымыздың жаны, мұңы, зары, қуанышы мен жұбанышы, тарихы мен танымы сыйып тұр. Оның екі ішегінде екі әлемнің әуені, екі дүниені тербейтін қуат бар. Рухымызды биіктететін, айбынымызды асқақтататын ұлттық аспабымыз – қастерлі қазынамыз», – деді Д.Кәрібек.

 Сөз соңында партия Хатшысы «Алтын домбыра» орталығының шәкірттеріне қолдау көрсетіп, алғыс хат пен қаржы сертификатын табыс етті.

 «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев ұлттық домбыраны ұлықтау іс-шаралары елордамен шектелмей, оған ел аумағында бас-аяғы 4 000-ға жуық адам айтулы үн қосып жатқанын жеткізді.