Жолаушылар тасымалындағы полиция қызметі

2021 жылдан бастап елімізде Ішкі істер министрлігінің қолдауымен «пагонды журналист жобасы» жүзеге асып келеді. Биыл аталған жобаға Қазақ радиосы, Ақпараттық-сараптау қызметінің редактор жүргізушісі Азамат Тлепов қатысып, көліктегі полиция қызметінің жұмысымен таснысты.

Қауіпсіздік, тұрақтылық, сенім, кез келген елге сапарлап барған азамат ең әуелі осы жағдайларды ескереді. Өйткені әрбір адам үшін жеке басының қауіпсіздігі айналасының тыныштығы және жұмысын немесе демалысын жақсы өткізуіне сенімді болуы маңызды. ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Көліктегі полиция департаментіне дәл осы міндеттер жүктелген. Қауіпсіздік пен тұрақтылыққа жауап береді. «Пагонды журналист» жобасы аясында біз, дәл осы департаменттің қызметімен танысу үшін Астана қаласының, Астана станциясына бардық. Бізді Астана станциясындағы желілік полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Абай Қилыбаев күтіп алды.

Төрт жолдың торабында орналасқан бұл вокзалға күніне шамамен 15 мың адам кіріп-шығады. Нысанда 8 өткізу пункті орналасқан. 261 бейнебақылу камералары жұмыс істейді. Және осы нысанның таныштығын қадағалайтын желілік полиция қызметкерлерінің құзырына 1269 шақырым аумақ қарайды.

Астана қаласының Астана станциясындағы желілік полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Абай Қилыбаев: «2023 жылдың 9 айында Астана станциясының қызмет көрсету учаскесі бойынша түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 4066 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 72 адам ұсақ бұзақылық жасағаны үшін, 73 адам жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін, 406 адам спирттік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орында мас күйінде пайда болу бойынша айыпталды. Сондай-ақ 2481 адамға т\ж жолдары арқылы белгіленбеген жерлерден өткені үшін (ескерту жасалды) айыппұл толтырылды».

Айта кетейік жыл басынан бері аталған аумақ бойынша 117 қылмыс тіркелген. Оның ішінде бөтен мүлікті ұрлау – 31, суық қаруды сақтау - 26, алаяқтық -9, есірткі құралдарын заңсыз сақтау-45, ұсақ ұрлық-6.

Астна вокзалына тәулігіне 20-дан аса пойыз келеді. Солардың бірі Алматы – Қостанай бағытында қатынайтын 043-ші жүрдек пойызы.

043 Алматы – Қостанай пойызы, жолаушылар вагонының басшысы Анаргүл Тұматаева: «Менің теміржол қызметінде істеп жүргеніме 32 жыл болды. Көпшілік бұл жұмысты әйел адамның қолы емес деп жатады. Ол қате түсінік. Ең бастысы өз ісіңе жауапкершілікпен қарасаң жеткілікті. Қазір азаматтардың көзі ашық қой. Ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін жақсы біледі. Ішімдік ішіп мінетін немесе вагондарда алкоголь өнімдерін тұтынатын жолаушыларды аз кездестіреміз. Егер ондай жағдай бола қалса бірден оперативті түрде әрекет етеміз. Ең бастысы қоғамдық тәртіпті бұзып, вагондағы жолаушыларға кесірін тигізбесе болғаны».

Жолаушылар вагондарына тексеріс кезінде кинолог мамандар да тартылады. Біздің бір күндік қызмет барысында Көліктегі полиция департаменті, кинолог қызмет орталығының кіші инспектор кинологы Аблайхан Ыбыраевпен де тілдесудің сәті түсті.  «Көбіне кинология қызметіне неміс овчаркалары қолданылалды. Себебі бұл жануар басқа иттерге қарағанда адам қолына тез үйренеді. Иіс сезу түйсігі де өте жоғары. Мұндай иттерді біз күшік кезінен үйрете бастаймыз. Егер мықтап кірісетін болса бір итті 5-6 айда дайындап шығаруға болады. Вагондарда итпен тексеріс жүргізбес бұрын алдын ала жолаушыларға ескертеміз. Өйткені әр адамның реакциясы әр түрлі болады ғой. Қорқып қалуы мүмкін. Сондықтан ескерту аса маңызды. Иттің адамға қарағанда сезгіш қабілеті өте жоғары болады. Егер ит бір жолаушыға жақындап күдіктене бастаса біз, ол адамды жіті тексереміз» дейді А.Ыбыраев.

Қазақстан Ұлы жібек жолы бойында орналасқан транзитті мемлекет. Сауда-саттық пен әріптестік байланысқа шектеу жоқ. Одан бөлек ішкі миграцияның үлесі де қарқынды. ҚР-на барлық аймақтан және шет елдерден келушілер көп. Ал, жолаушылардың 90 пайыздан астамы ұшақ және пойыз арқылы жетеді. Әуежай мен вокзалдар тәулік бойы жұмыс істейді. Ұланғайы жерді алып жатқан теміржол торабы 21 мыңнан астам шақырымға жетеді. Осы аумақта 150-ден аса станция және 305 теміржол вокзалы бар. 5 мемлекетпен шекаралас орналасқан 13 түйесу станциясы және 21 ауежай бар. Тіпті бұл нысандардың қатары жыл санап артып келеді. Бұл тұста көліктегі полиция департаментінің қызметі орасан.