Үздік дикторлар анықталды

"Шалқар" радиосы ұйымдастырған Қазақстанның халық артисі, диктор Әнуарбек Байжанбаев атындағы дикторлар байқауының жеңімпаздары анықтады.

1 қазан радио күні мен белгілі диктор Әнуарбек Байжанбаевтың 100 жылдығына орай арнайы ұымдастырылған байқаудың 1-орын жүлдегері Аршын Айдынбекұлы «Жетісу» облыстық радиосының редакторы, 2-орын "Хабар24" телеарнасының Атырау облысындағы меншікті тілшісі Асланбек Шығыр мен журналистика факультетінің түлегі Рабиға Паттаға бұйырса, 3-орын жеңімпаздары ретінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің ұстазы Назкен Жансерікова, "Қазақстан" телерадиокорпорациясы «Ақжайық» облыстық телеарнасының тілшісі Пахман Назгүл, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің 1-курс студенті Ахметкәрім Әнуар марапатталды. Ал ынталандыру сыйлығы Ж.Елебеков атындағы Республикалық Эстрада-Цирк колледжінің 4-курс студенті Елдар Серікұлына. Ш. Уәлиханов атындағы 12-гимназияның 11-сынып оқушысы Арай Ерхатқызына табысталды.

Байқауға 17 мен 35 жас аралығындағы үміткерлер қатысты. Талап бойынша үміткерлер кез келген жанрдағы екі минуттық мәтінді оқып, аудиофайлмен бірге өзінің қысқаша өмірбаянын жолдады. Байқау еркін тақырыпта болғандықтан қара сөз, өлең, көркем шығармалардан үзінді, спорттық шолу, концерт сценарийінен үзінді т.б материалдар келіп түсті.

Қазақстанның халық артисі, диктор Әнуарбек Байжанбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай,  дикторлар  арасында өткізген байқауға "TAS груп компаниялар тобы" құрамындағы  ASSYLTAS қоғамдық қоры демеушілік жасады, ол үшін Серіктестік ұжымы Алғыс білдіреді..

Жыл басында, аталған демеуші көмегімен Шалқар радиосында қазақтың «Алтын дауысы» атанған Әнуарбек Байжанбаев атындағы студия ашылған еді.