«Мың алғыс» бағдарламысының бүгінгі кейіпкері Айзат Манкибаева. Астанана маңайындағы Қосшы қаласының тұрғыны, жеті баланың анасы. Жолдасынан 2018 жылы ажырасқан. Жеті баланың екеуі студент, қалғандары мектеп оқушылары.
Ұлы Нұрдәулет үш жасында сал ауруына шалдыққан. Елімізде бір рет операция жасалыпты. Ташкент клиникаларына барып ем алу үшін 2 000 000 теңге қаржы қажет екен. Айзаттың өзіне де сүт безінің ісігі деген диагноз қойылған. Таксопарктен көлік жалға алып, содан тапқаны ақшамен бала-шағасын асырап отыр. Көп балалы ана ретінде алатын жәрдемақысы да тоқтап қалған. Себебі, биыл Алматы қаласындағы Қайнар колледжінде оқитын ұлының оқу ақысын төлей алмай қалғандықтан, оқу орыны анықтама бермеген. Оқушы балаларының құрал-жабдықтарын қаржы болмағандықтан алып бере алмапты.
Ананың жағдайы туралы алдын-ала хабардар болған «Зекет және қайырымдылық қоры» Ташкенттегі ем шарасына барып келетін билетін қамтамасыз ететін болды. Сондай-ақ қор оқу-құралдары мен мектеп сөмкесін де беріп жіберді. Осылайша арадағы алтын көпір Қазақ радиосының «Мың алғыс» бағдарламасы қамкөңіл ананың жүрегіне қуаныш сыйлады. Мейірімді тыңдаушыларымыздың көмегімен жоспарланған ем-шараның қаржысы да жиналады деген сенімдеміз. Сіз де қол ұшын созыңыз! Бір отбасының басындағы мұңды бірге сейілтейік!