Бүгін Алматы қаласында "Ана тілімізді ардақтайық!" байқауының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды, - деп хабарлайды kazgazeta.kz.
Бұған дейін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алматы қаласы филиалы мен «Қазақ газеттері» ЖШС-і құрамындағы «Ана тілі» республикалық газеті оқырмандар арасында «Ана тілімізді ардақтайық!» атты видеоролик байқауын өткізетіні туралы хабарлаған еді. Жиынды жүргізген "Қазақ газеттері" ЖШС Алматы қаласы басылымдарының жетекішісі Думан Анаштың айтуынша, байқаудың мақсаты - оқырманды мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және насихаттауды жаңа технология мен трендтер арқылы жүзеге асыруға шақыру болды.
"Ана тілі" газетінің бас редакторы Ерлан Жүніс:
- Байқауға 50 шақты жұмыс келді. Оның ішінде байқау форматын дұрыс түсінбегендіктен, жарамай қалған жұмыстар да болды. Жақсы роликтер де баршылық. Қазылар алқасы оларды іріктеп, ішінен 3 жеңімпазды анықтады. Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан келген үш оқырманымыз жеңімпаз атанды. Олар "Ана тіліне" шыққан мақалалар туралы сараптамалық видеоконтент жасап, сол арқылы жеңіске жетті.
Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы Алматы қаласы филиалының төрағасы Құсман Шалабаев:
- Қазақ тіліне, ұлтқа, ұлт болашағына қызмет ету - баршамыздың ортақ парызымыз. Қазіргі "мылтықсыз майдан" заманында тіл мәселесі маңызды болып тұр. Ана тілі бәрімізге ортақ, тіл өшсе, ұлт өшеді. Соны ұмытпауымыз керек. Осы мақсатта 1989 жылдан бері "Қазақ тілі" қоғамының ыстық-суығына төзіп жүрген азаматтар жетерлік. "Ана тілі" газетінің оқырмандары көбейсе, қазақ тіліне, ұлттық сана-сезімге, идеологияға деген көзқарас оянатын шығар деген оймен байқауды өткіздік. Газет, кітап оқуға деген қызығушылық бәсеңдеген заманда оқырман тарту, оқуға деген қызығушылықты ояту үшін жасалып отырған шара жемісін береді деп ойлаймыз.
Сонымен, байқау жеңімпаздары:
І орын – Қасымхан Төлендиев - Жамбыл облысы,
iPhone 14;
ІІ орын – Сағира Уәли - Қызылорда,
Apple Watch сағаты;
ІІІ орын – Рысгүл Рамазанова -Маңғыстау облысы, Apple AirPods.
Байқаудың марапаттау шарасына Қали Сәрсенбай, Кәкен Қамзин, Амалбек Тшанов, Қансейіт Әбдезұлы, Ұлықпан Сыдықов, Мамай Ахетов, Болат Мүрсәлім, Ержан Төлек, 92-мектеп директоры Күлжан Шажабаева және басқа қоғам қайраткерлері, баспасөз қызметкерлері мен студенттер қатысты.
Жиын барысында Қали Сәрсенбайға Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының Жоғарғы дәрежелі “Қазақ тілі” ордені табысталды. Сонымен қатар, "Ана тілі" газетінің тілшісі Бағдагүл Балаубаева мен "Егемен Қазақстан" газетінің тілшісі Арман Октябрьге қоғам атынан арнайы марапаттар табысталды.
"Қазақ газеттері" серіктестігі қазылар алқасының мүшесі, профессор Кәкен Қамзинге қазақы дәстүрмен шапан жапты.