Ахмет Байтұрсынұлы – Қазақ радиосының атасы

Бүгін қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының, тіл білімінің атасы һәм реформаторы, ұлттық журналистиканың оның ішінде радионың негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.

Қазақ радиосының негізі 1921 жылы қаланды. Қазақ елінің сол кездегі астанасы Орынбор қала­сын­да жұмысын бастаған арна қыз­меті бұқара халықтың сауатын ашуға ба­ғыт­талды. Қазақ АКСР Халық Ко­миссарлар Кеңесінің 1921 жылғы 29 қыр­күйектегі шешімімен қазан айынан бастап әуе толқыны арқылы радиобюллетень беріле бастады. Қа­зақ радиосының алғашқы үні грам­мофон мен күйтабақ түрінде қа­зақ даласына тарады. «Владимир Ильич А.Байтұрсынұлы мен С.Пестков­­ский екеуін қабылдап, сөзін тыңдай­ды, өлкені басқару жөнінде бірне­ше нұсқау жасау керектігін, оларды қазақ тіліне аударып, граммофон мен күйтабаққа жазып, халық ­арасына тарату қажеттігін айтады (В.И.Ленин о Казахстане, 313-б). Радио тарихын зерттеуші, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашұлы өзі­нің зерттеу еңбектері арқылы Қазақ радиосының іргетасын Алаш көсемі А.Байтұрсынұлы қалағанын нақты дәлелдеді. Қазақ радиосы 1926 жыл­дың қазанынан бастап Орын­бор­дан кейінгі астанамыз – Қызыл­орда қаласында 1931 жылдың мамырына дейін хабар таратты.



Алғаш қазақ даласына Қазақ ра­диосының хабарлары граммофон мен пластинкалар арқылы таратылды. Бұл істе Ахмет Байтұрсынұлының қосқан үлесі қомақты болғандығын жоғарыдағы деректер дәйектейді. Осылайша, қызметін өте қарапайым құрылғылардан бастаған Қазақ радиолары бүгінде ғасырлық межені артқа қалдырып, уақыт талабына сай заманауи ақпарат құралы ретінде дамып келеді.