Нумерология - сандар туралы ежелгі ғылым. Дәлірек айтсақ, сандардың сіздің өміріңізге, мінезіңізге, тағдырыңызға, болашағыңыз бен айналадағы болып жатқан жәйттарға әсері. Нумерология адамға қай бағытта жұмыс жасау керек екендігін де анықтап бере алады. Тіпті, адамның қай спорт түріне бейім екендігін, қандай музыканы ұнататындығын, тағамға деген талғамын да даралайды. Сандар жеке тұрып бір бөлек, бірге тұрып басқа мағына береді.
Қазіргі таңда нумерологияның түр-түрі бар. Мысалы: туған күн нумерологиясы, Пифагордың сандар философиясы, үнді нумерологиясы, денсаулық нумерологиясы т.с.с. Тіпті, есіміңіздің де сізден жасырған нумерологиялық сыры болады. Әр адамның өзіне жақын саны, нөмірі болатын жағдайлар жетерлік. Естіген боларсыз? Кейде көп кездесетін сандарға мән бермей өте шығамыз. Алайда, олардың да сіздер жайлы айтатыны бар екен...
0 – материалдық табиғаттың құпияларына толы. Бұл нөмір жан-жақты энергияны, үйлесімділік пен ақиқатты білдіреді. Егер алдыңыздан қайталанған нөлдер кездесетін болса, өзіңізді рухани жағынан дамыту қажет екенін ұмытпағайсыз. Туа біткен мүмкіндіктер мен күш-қуаттың белгісі болғандықтан, бұл санға қатысы бар адамдар талантты әрі қайсар болады. Алайда, оны қалай қолдану керектігін жете түсінбейді.
1 – Ойлау қабілетінің тиянақтылығын білдіреді. Басқалардың ойына құлақ аспайтын, жеке тәжірибесіне сүйенетін сан. Батылдық, қайсарлық пен тапқырлық тән. Адамдарды басқару мен оларды көндіру қиынға соқпайды. Нағыз көшбасшының белгісі. Алайда, бұл санның жаман қасиеттері де жоқ емес. Мысалы, шектен тыс сенімділік өркөкіректік пен қырсықтыққа әкеліп соғады.
2 – мейірімділік, жомарттық, нақтылық пен түсіністікті білдіреді. Аздап романтизм мен интуиция бар. Жалпы, еш кемшілігі жоқ періште сынды дерсің. Өмірдегі тұрақтылық пен тепе-теңдікті білдіргенімен, барлығы үнемі жақсы бола бермейді. Сол себепті, мұндай қасиеттерге тән адамды кездестіру тіпті мүмкін емес.
3 – өмірсүйгіштік пен оптимизмнің белгісі. Бұл санмен байланысы бар жан өзіне сенімді және ұсақ-түйекке мән бермейді. Бірақ, сізге бөлінген көңіл мен уақыт аз мөлшерде болса, өмірден түңіліп кетуіңіз ғажап емес. Өзгелердің тарапынан сізге үнемі қызығушылық болуы керек, қарсы жағдайда сіз әлемді қатігез деп танисыз.
4 – бұл санның қасиеттерін тек ерлерге тән деп айтуымызға болады. Бірақ, бұл қасиеттер көбіне әйел затының бойында кездеседі. Төзімділік, еңбекқорлық пен өз принциптеріне адалдық. Бұл өмірде ешнәрсенің тегін келмейтінін, барлық нәрсенің өтемі бар екенін жақсы түсінетін адамдар. Кез келген ортада белсенділік танытып, не істеу керектігін нақты білетін жандардың саны. Сізді барлығы құрметтегенмен, жақтайтындар санаулы. Бұл санмен туылғандар көбінесе өте қырсық , әрі ішпыстырарлық болып келеді. Олар өз дегендерін дәлелдеп, басқалардың қателіктерін бетіне басқанды аса ұнатады. Адамдарға күмәнмен қарап, уақытты бос кетірмейді.
5 – сандардың арасындағы ең мықтысы. Өмірге деген бейімділік, тапқырлық пен табиғаты ерекше заттарға деген құштарлықты білдіреді. Сіздің энергияңыз кез келген өзгерісті оңай өткеруге көмектеседі әрі кез келген жағдайдан оңай шығып кететініңізге бек сенімдісіз. Қандай жағдай болмасын, қорықпай, алға ұмтылыңыз. 5 саны сізге көмектеседі!
6 – бұл санның жақсы қасиеті – адамдарға деген ерекше ықыластың болуы. Қызметте сіз өте қатал әрі талапшыл бастық болуыңыз мүмкін, алайда, адамның өмірі мен жеке басын қатты құрметтейсіз. Дүниедегі ең бағалы зат сөз еркінді деп білесіз. Қолыңыздағы барды беруге дайын жанашыр адамдар осы санның меншігінде. Сіздің жақындарыңыз сізге үнемі иық тірей алатынын жақсы біледі. Сонымен қатар, басқалардың қамы үшін өз қызығушылықтарыңыздан бас тартуға дейін барасыз. Ол өз кезегінде сізге көптеген қиын мәселелер туғызуы мүмкін.
7 – бұл санның басты ерекшелігі ойлау қабілеті мен іштегі тыныштықтың жоғарғы деңгейде танылуы. Кез келген қиын сұрақтардың жауабын да еш қиындықсыз тауып алады. Өмірде болатын әртүрлі жағдайларда бұл қасиет септігін тигізеді. Жаман қасиеттері: сыпайылық болмайды, жақсы мінез атымен жоқ. Ол туралы ел не ойлайтыны мүлде қызықтырмайды. Қолайлы сәт туған кезде басқалардан ерекше екенін еске салып отырады. Сол арқылы достарынан айырылып, адамдармен қарым-қатынасы қиындай түседі.
8 – іскерлік шеберлік пен батылдық осы санға тән қасиет. Осы санмен туған адамдар әлемді басқарады. Олар үшін алынбайтын асу, берілмейтін қамал жоқ. Алға қойған мақсаты мен оған жететін жолды нақты көреді. Сол себепті, қашан не істеу керек екендігін жақсы біледі. Қатігез болғанмен, адал. Жақындары мен сүйіктілері үшін одан асқан қамқоршы жоқ. Жағымсыз жағы бағынышты адамдарды қанау мен өркөкіректігі оны үнемі аяқтан шалады. Қызметтегі қаталдығы күнделікті өмірдегі имиджге өз зиянын тигізуі мүмкін.
9 – аса мейірбан жандар, адамдарды бірдей жақсы көреді, оларға көмек қолын созуға қуана-қуана дайын. Табиғатыңыздан адамдарды жақын тартасыз, олар да сізбен дос, серіктес, әріптес болуға ұмтылады. Дегенмен, айналадағы барлық нарсені драмаға айналдырғанды әдетке айналдырған. Барлығы жақсы болса, сізден шуақты жан табылмас. Бірақ, кішкене нәрсе үшін жанжал шығарып, қоршаған ортаңызды терең депрессияға ұшыратуыңыз ғажап емес.
Дереккөз: qamshy.kz
Нумерология жайлы Шариғат не дейді?
Тылсым күштерге қызығу – адам баласына тән дүние. Көбіне бұл арқылы тағдырдағы жазмышты біліп, болашақты үйрену немесе мінез-құлық ерекшелігін анықтау көзделеді. Соның бірі – қазір қоғамда кең таралып жатқан нумерология ілімі. Нумерология – табиғат болмыстарына, адамдарға сандардың жағымды немесе жағымсыз ықпал ете алатыны жайындағы мистикалық наным.
Исламдық діни сенім бойынша әлемдегі барлық құбылыстар, өзгерістер Алла Тағаланың қалауымен ғана жүзеге асады. Сонымен қатар, тағдырды, болашақты Алладан басқа ешкім білмейді. Бұл жайында «Ағраф» сүресінің 188-аятында: «(Ей, Мұхаммед) оларға: «Мен, Алла қаламайынша, өз-өзіме титтей де пайда келтіре алмаймын, сондай-ақ өзіме келетін зиянның да бетін қайтара алмаймын. Егер ғайыпты (болашақты) білетін болсам (еш уақытта шығынға ұшырмай) әрдайым мол табысқа кенеліп отырар едім һәм (алдағы қауіп-қатерден алдын-ала сақтанар едім де) басыма ешқандай жамандық та, бәле-жала да келмес еді», – делінген.
Атақты мұсылман ойшылы Ибн Халдун «Мұқаддима» еңбегінде сиқыршылардың жын-шайтанның күшіне жүгінетінін баяндайды. Ол сиқыршыларды бірнеше түрге бөледі. Бірі – тек өз күшіне сүйенетіндер, екіншісі – жұлдыздарды немесе сандарды пайдаланатындар. Ибн Халдун біріншісінің дәрежесі жоғары екенін айтқан.
Нумерология ілімі толық сиқырға жатпаса да, оның сандарға негізделгені сиқырмен байланысы бар екенін айқындайды.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім балгерге, сиқыршыға, не сәуегейге барып бір нәрсе сұрап, оның айтқандарын растаса, онда ол Мұхаммедке түскен нәрсеге күпірлік еткен болады», – деген.
Ибн Халдун сандармен қандай да бір болжам жасау туралы: «Бұның барлығы қате тұжырымдар ғана. Олар (нумерологтар) бұл әдісті ой-санасы толық жетілмегендерді алдап-арбау үшін қолданады», – деген.
Тарихта аталған іліммен айналысқан кейбір шейіттік және шектен шыққан сопылық бағыттар жайында келген. «Муқаддима» кітабында мұның жоғарыдағы топтардың ғайыпқа қол жеткізуге құштарлығынан пайда болғаны айтылады.
Нумерология және соған ұқсас басқа да тылсым күштермен айналысуға, соларға жүгінуге шариғатымыз қатаң түрде тыйым салған. Себебі, оның дүние тіршілігіміз үшін де, ақыреттегі жағдайымыз үшін де ешбір пайдасы жоқ. Оған уақыт бөлу – бос әурешілік. Сонымен қатар, сандар болжамына сеніп, Алланың құдыретіне, тағдырына шәк келтіру үлкен күнә саналады.
Хасан Аманқұл, Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары
Деркекөз: Muftyat.kz
Фото: massget.kz