28 жылдан астам халқымызға қызмет етіп келе жатқан Қазақ елінің Ата Заңы – мемлекеттің құқықтың дамуының іргетасы. Негізгі заң ұлттық заннаманың оның өмірде қолданылуының, мемлекеттегі жаңғыртулардың басты құқықтық темірқазығы. Қазақстандағы конституциялық құқық саласының негізін салушылардың бірі, 1993, 1995 жылғы конституциялық реформаларды жасауға қатысушы, академик Ғ.Сапарғалиев «Конституция тарихи маңызы бар акт және маңызды мәдени құндылыққа ие. Ол белгілі бір уақытта, белгілі бір тарихи дәуірде халықтың, нақ осы дәуірдің саяси көшбасшыларының бірегей туындысы ретінде қабылданған қалпында сақталуы керек» деген еді.
Ондағы бекітілген демократиялық құндылықтардың іргелі және бұлжымастығына қарамастан, Конституция «тірі» құжат болып табылады. Сондықтан ол қоғамдағы жаһандық өзгерістерге жауап беруге талпынады. Бірақ бұл негізгі Заңның мазмұнын жиі түзеу дегеніміз емес, ол өзінің тұрақтылығымен ерекшеленуі тиіс. Осыған сәйкес цифрлы кеңістіктің кеңейіп, оның аумағына барлық мемлекеттік-құқықтық құбылыс пен азаматтардың көшуіне байланысты, Конституция, жалпы заңнаманы қазіргі заманауи көптеген сындар күтіп тұр. Соның бірі – виртуалды кеңістіктегі байланыстар мен процесстерге өздерінің ерекшеліктері тән және олар өте шапшаң өзгеріп және дамып, мемлекет пен қоғам ол өзгерістерге үлгермеуі мүмкін. Сондықтан негізгі Заңның алдында цифрлы өркениеттегі мәселелерді құқықтық реттеуге қатысты міндеттер қойылады.
Қазіргі төртінші өнеркәсіптік төңкеріс кезеңінде ақпараттық-коммуникациялық технологияның адамдардың күнделікті өміріне, мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуге де ықпалы болуынан бас тарту мүмкін емес. Ақпараттық-коммуникациялық технологияның ықпалымен тұрмыстық және мемлекеттік деңгейде заманауи технологияларды әзірлеп, енгізу арқылы басты қоғамдық институттарды трансформациялау тенденциясы қалыптасты.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған цифрландырудың ауқымы экономиканың әр түрлі секторларын, білім, инновациялық жобаларды ынтыландыру, денсаулық сақтау және тағы басқа салаларды қамтиды. Осы бағдарлама аясындағы жоспарланған ұсыныстар мен іс-шаралардың ішінен «Цифрлы мемлекетке көшу» бағыты ерекше назар аудартады. Осы бағытта «Ашық Үкімет», «Ашық Парламент», «Ашық бюджеттер», «Ашық нормативтік-құқықтық актілер (НҚА)», «Ашық мәліметтер», «Ашық сұқбат» қағидаттары жүзеге асырыла бастады. Бүгінгі күні ашық мәліметтер 3501, Нормативтік құқықтық актілер саны 433354, өтініштер саны-280669, бюджеттік бағдарламалар-51927. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында аталған принциптердің дамуы азаматтардың мемлекеттік процесстерге қатысуына ықпал жасап, ақпаратты қолжетімді және ашық қылып, азаматтардың пікірлерін ескеріп, олардың мемлекеттік органдармен байланысын нығайтады. Аталған қызметтердің негізі осыған дейін болған сервистердің жиынтығын шоғырландыру болғанымен, біздің ойымызша, мемлекет республика азматтарының қатынастарын цифрландыру шеңберінде қажетті бағытты таңдады.
Қылмыстық және әкімшілік процесстерді «Төрелік», «Заңдылық» жүйелері, сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестрі арқылы электронды-цифрлы форматқа көшіру де өзінің оң нәтижесін беруде. Мұндай жүйелердің қызмет атқаруы тәжірибе көрсеткендей азаматтармен өзара іс-әрекет процесстерін жеңілдетіп қана емес, олардың мемлекеттік органдармен байланысын күшейтеді. Әсіресе сот билігіне деген сенімді арттырады.
Мемлекеттің азаматтарға мемлекеттік аппарат қызметіне қатысты мәліметтерге қолжетімділік жасау арқылы демократиялық принциптерді жүзеге асыруы, олардың ашықтығын қамтамасыз етеді.
Бізді Ата Заңымыздың жиырманшы бабының екінші тармағында: «Әркім заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпарат алуға және таратуға құқығы бар» екендігі бекітілген. Әрине негізгі заңдағы мемлекеттік органдардың да ақпарат көздерімен тұрғындарды қамтамасыз ету прициптері де азаматтық қоғамды жетілдіруге қатысты қадамдарды көрсетеді. Конституцияның он сегізінші бабының үшінші тармағындағы нормалар да демократиялық қағидаттардың орын алуына мүмкіндік береді: «Мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әрбір азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті» делінген.
Осы орайда адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының цифрлы өркениет ауқымындағы жағдай кез келген адамды ойландырады. Бүгінгі күні азамат бір мезетте нақты және виртуалды әлемде өмір сүре алады. Сонымен қатар азаматтың цифрлы тетіктерге сәйкес негізгі құқықтарын жүзеге асырып (шарттық, еңбек қатынастарына түсіп, мемлекеттік органдармен іс-әрекет), міндеттерін орындай алады. Бірақ бұл жеке тұлғаның цифрлы және ақпараттық технология кеңістігіндегі құқықтық мәртебесін айқындаудың маңызы мен қажеттілігіне назар аударып, мемлекеттің Негізгі Заңын жетілдіру әлеуетін айқындайды.
Өйткені цифрлы әлеуметтік өмірдің ерекшеліктеріне сәйкес заңды түрде белгілі мәселелер туындайды. Ол мәселелердің негізгілерін атап өтсек:
- нақты және виртуалды жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтары, олардың аражігі;
- мемлекет пен жеке тұлғаның мүдделерінің цифрлы кеңістіктегі арақатынасы;
- мемлекеттің виртуалды өмірдегі адамның мінез-құлқын құқықтық реттеуге араласу деңгейі;
- азаматтың құқықтары мен бостандығын мемлекеттің қорғауы.
Конституция осы мәселелерді шешумен айналысып, қазақ еліндегі ақпараттық құқық және заңнаманың дамуына серпін беруі қажет.
Әрине ақпаратты тарату, жинау, пайдалануға қатысты жалпы дүниежүзі мемлекеттерінің тәжірибесін жүйелі түрде зерделеу керек. Ол елдерде қандай әдіс–тәсілдер қолданылады, оның деңгейі қандай, қоғам қажеттіліктеріне бейімді ме? Өйткені кейбір жағдайларда лауазымды адамдар, компаниялар жеке мәліметтерді пайдалануы мүмкін. Елімізде цифрлы технологияны пайдалану арқылы азаматтың жеке мәліметіне қол сұғып, несие алу, жеке шотындағы қаржыны алдап алу фактілері де әлі де азаймай тұр. Әсіресе цифрлық сауаттылығы жоқ азаматтардың құқықтары мен бостандығы өте жиі бұзылып жатады. Жалпы цифрлы технологияны енгізуде мемлекеттік билік те өз құзіретін асыра пайдаланбауы қажет.
Әлемдік деңгейде әлеуметтік несие жүйесін енгізу кезінде Қытай жеке мәліметтерді адами тұрғыдан теріс бағытта жинап, оларды пайдаланған. Бұл жүйені әзірлеу кезінде әр азаматтың өзіндік әлеуметтік көрсеткіші дайындалып, оларға балл беру немесе алу арқылы олардың жеке мәліметерін жинап, әрекеттерінің құқыққа сәйкестігін айқындады. Азаматтың төменгі көрсеткіші жүріп-тұру, еңбекке орналасу, қоғамдық қажеттіліктерді пайдалануға қатысты шектеулерге әкеліп, ең төменгі D рейтингісінің болуы адамды қоғамның керексіз мүшесіне айналдырады. Ал адамның балл жинауының нәтижесіндегі ең жоғарғы көрсеткіші қызмет алуды жеңілдетіп, мемлекеттік қызмет алуда, жалпы тұрмыстық қызмет көрсетілуінде басымдықтар береді.
Сарапшыларды Қытайдағы рейтингтің болуы емес, азаматтардың мінез-құлқын бағалап, балл беріп, санауда нақты талаптардың болмауы, бекітілмеуі ойландырады. Ол талаптардың заңнамада көрсетілмеуі Қытайдағы гуманизмге қарсы тәсілді көрсетіп, басқа да мәселелерді туындатады. Сонымен қатар рейтинг оқшаулы түрде емес, оған отбасы мүшелері мен достарының да мінез-құлықтары әсерін тигізеді.
Рейтингті әзірлеу үшін мәліметтердің көлемі мемлекеттік органдардан да, жеке меншік корпорациялардан да жиналады. Ол үшін өте мықты цифрлық технологиялар пайдаланылып, соның нәтижесінде жеке тұлғаны толық бақылауға алу заңдастырылады. Осыған қарамастан, Қытай Халық Республикасының Конституциясында мынадай ережелер бар:
- адам құқықтарын қамтамасыз ету және құрметтеу;
- азаматтардың жазысқан хаттарының құпиялылығы мен бостандығын қорғау;
- мемлекеттік органдар немесе мемлекеттік қызметкерлерге қатысты сын немесе ұсыныс айту құқығы;
- діни сенім бостандығы және діни қызметті қалыпты жүргізуді қорғау еркіндігі;
- сөз, баспа, жиын, одақтар, көше еруілдері мен шерулер бостандығы.
Бұл аталған принциптер мемлекетте «цифрлы диктатура» орнатылса, керексіз болып қалатындығы байқалады. Мемлекет цифрлы технологияны пайдалануға, ол арқылы тұрғындаға цифрлы қызмет көрсетуде, мәселелерді шешуде адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және оларға кепілдік беруді ұмытпауы керек.
Сондықтан цифрлы дәуірде ұлттық саяси-құқықтық жүйенің, мемлекеттілік пен егеменділіктің, заңдылық пен құқықтық тәртіптің темірқазығы ретінде Конституцияның рөлі күшейеді.
Осы орайда шет елдік тәжірибені, цифрлы дәуірге қатысты деректерді талдай отырып, мынадай қорытынды жасауға болады:
1. Конституция мемлекеттің негізгі заңы ретінде цифрлы өркениеттегі адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етуге міндетті;
2. Бұл өз тарапынан ақпараттық технологияға қатысты заңнаманы дамыту және жетілдіруге үлкен серпін береді. Атап айтқанда, цифрлы кеңістікке көшкен жеке тұлғаға қол сұғылмаушылық ақпарат ағымын өте жауапты реттеуді қажет етеді. DLA Piper халықаралық құқықтық фирмасы сарапшыларының бағалауынша, Қазақстандағы жеке тұлғалардың мәліметтерін қорғауды құқықтық реттеу шектеулі. Сондықтан цифрлы өркениет жағдайында бұл бағыттың дамуы, жетілуі туралы мәселелерді жүйелі, кешенді түрде шешу қажет.
3. Конституциялық нормалар мен принциптерге сүйене және цифрландырудың пайдасын көре отырып, мемлекет адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын ғана емес, сонымен қатар цифрлы кеңістікте танылатын іргелі құндылықтарды да (егеменділік, ұлттық қауіпсіздік және т.б) қорғауы керек.
4. Цифрлы өркениет ерекшелігі адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың шектелуін ғана емес, мемлекеттің оған араласуын да айқындайды. Өйткені ол Негізгі Заңда бекітілген нормалар мен принциптерге негізделеді.
Осы құбылыстарды талдай отырып заңгер ғалымдар мындай пікір білдіреді: «с одной стороны, государство не должно оставлять человека в сети интернет один на один с преступными посягательствами на его права, законные интересы и имущество. Но, с другой стороны, применямые меры (технологии) противодействия преступности не должны превращаться в чрезмерные ограничения, посягая на саму суть конституционного права на информацию и находяйщейся под его защитой свободы поведения человека в интернете».
Цифрлы өркенеттің артықшылықтары адамның уақытын үнемдеп, оларға қашықтан қызмет көрсетіп, тұрғындардың өмірін жеңілдетуге бағытталып отыр. Әсіресе дүниежүзілік пандемия кезінде цифрлы технологияның денсаулық сақтау, қашықтан білім беру кезінде, онлайн сатып алу салаларында көптеген көмегі болды.
Бірақ ұлтымызға жат теріс қылықтар, қаржы пирамидалары, лудомания сияқты ұлт ұрпағына балта шабатын үрдістер де осы цифрлы өркениеттің салдарлары деп айтуымызға болады. Сондықтан да осы әлемнің мойындап отырған цифрлы дәуірдің артықшылықтарын әр азамат заң шеңберінде, қажеттілікке сәйкес қолдану керек. Әсіресе азаматтарымыздың құқықтық санасын көтерумен қатар, цифрлы мәдениетті қалыптастыруды мемлекетік деңгейде жүргізуіміз керек. Мемлекетіміз осы бағытта арнайы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін құрды. Осы министрлік Қазақстан Республикасы Әділет министрлігімен бірігіп, жүйелі түрде адам және азаматтардың құқықтарын қорғауға қатысты Конституцияның әлеуетін пайдаланып виртуалды кеңістіктегі де құқықтарда қорғау және мәселелерді құқықтық реттеуге күш салуы тиіс.
Азаматтардың цифрлы кеңістікке белсенді араласуы мемлекетке түсетін жүкті ауырлатады: заман талабына сай мемлекет нақты және виртуалды дүниеде де белсенді болуы керек. Сондықтан да цифрлы өркениет және 2022 жылдың 5 маусымындағы референдум нәтижесінде өткізілген конституциялық реформалар аясындағы саяси-құқықтық жаңғыру жағдайында пайда болатын мәселелерді құқықтық реттеуді, оның сан қырларын жан-жақты жүйелі, кешенді түрде шешуді қажет етеді. Мемлекеттік билік заңнаманы жетілдіріп қана қоймай, цифрлы технологиялардың көмегімен жасалып жатқан адам және азаматтардың құқықтарына келтірілген нұқсанды құқықтық шеңберде реттеп отыру керек. Әлеуметік қайшылықтарды болдырмау үшін мемлекеттік қызметкерлердің де заманауи цифрлы әдіс- тәсілдерді меңгеріп, цифрлы өркениеттің сын-қатерлеріне тиісті жауабын беруге бейімделу де өте маңызды. Замануи әдіс-тәсілдерді шапшаң меңгеріп, жаһандық өзгерістерге бюрократиялық кедергілерді болдырмай тез бейімделу де мемлекеттік биліктің басты басымдықтарының бірі болуы тиіс деп санаймыз.
Ибрагимов Ж.И.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы