Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына осы жылдың мамыр айында жасаған мемлекеттік сапары аясында Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалын ҚазҰУ-да ашу жөнінде келісім жасалған еді.
Екі ел Президенттерінің қатысуымен өткен кездесуде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев пен ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чжан Сяо ынтымақтастық орнату және филиал ашу туралы келісімге қол қойған болатын. Аталған келісім негізінде 12 қазанда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ҚХР Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалы ашылды.
Салтанатты шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, Солтүстік-Батыс политехникалық университеті Кеңесінің Төрағасы Ли Янронг бастаған делагация, ҚХР Қазақстандағы Бас консулы Цзян Вэй, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, ЖОО ректорлары, ғалымдар, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.
Алдымен Жансейіт Түймебаев пен Ли Янронг кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізіп, ҚазҰУ базасында Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің (CБПУ) филиалын ашуда екіжақты қарым-қатынасты айқындайтын келісімге қол қойды. Кейін филиалдың салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Мәртебелі меймандар мен қатысушыларды қарсы алған университет ректоры Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-да Солтүстік-Батыс политехникалық университеті филиалының ашылуымен құттықтады. Ректор өз сөзінде бүгінгі айтулы оқиға екі елдің жоғары оқу орындарының тарихында ерекше орын алатынын айтты.
«Қазақстан үшін бұл маңызды оқиға деп санаймын. Елімізде алғаш рет Қытай университетінің филиалы ҚазҰУ-да ашылып отыр. Мақсат – ғылым саласында бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізу, техникалық бағытта студенттер даярлау және оқытушылармен алмасу. Бұл білім беру ұтқырлығын арттыруға көмек береді және географиялық кедергілерді азайтады. Жастарымыз Қытай елінің жоғары оқу орындарында оқығысы келсе, ҚазҰУ-да ашылған СБПУ университетінің филиалына оқуға түсе алады. Филиал ашудағы тағы бір стратегиялық маңызды бағыт – Қазақстандағы ғалымдар қауымдастығын кеңейту, оқытушы-профессорлық құрамның тәжірибе алмасуы», – деді университет ректоры.
Солтүстік-Батыс политехникалық университеті Сиань қаласында орналасқан. 36 мыңнан астам студент білім алатын жоғары оқу орнында аэронавтика, астронавтика, сондай-ақ теңіз техникасы және т.б. техникалық бағыттар бойынша білім беру және зерттеу бағдарламалары бар. Қытай Халық Республикасының техникалық бағытта білім беретін көшбасшы жоғары оқу орындарының бірі Солтүстік-Батыс политехникалық университеті Academic Ranking of World Universities 2023 халықаралық рейтінгінде топ-200, THE 2023 рейтингісінде топ-600 легінде және U.S.NEWS 2023 халықаралық рейтингінде 333 орынға ие. Атақты оқу ордасынан физикадан Ли Чжэндао мен химия саласында Харольд Крото Уолтер атты Нобель сыйлығының иегерлері шыққан.
Ашылу рәсімінде ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев сөз сөйлеп, ҚазҰУ-да филиалдың ашылуы еліміз үшін техникалық мамандарды даярлауда маңызды қадам екенін жеткізді. Сонымен қатар жиында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов қатысушыларды филиалдың ашылуымен құттықтап, зерттеу университеттерінің ғылымды дамытуда рөлі артып келе жатқанын атап өтті.
Өз кезегінде Солтүстік-Батыс политехникалық университеті Кеңесінің Төрағасы Ли Янронг сөз сөйлеп, бүгінгі айтулы шараның маңыздылығына тоқталды.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстандағы көшбасшы жоғары оқу орны болса, СБПУ университеті Қытайдың техникалық бағыттағы көшбасшы жоғары оқу орны болып саналады. Екі университет басшылығының келісімімен филиалда Қазақстанға қажетті мамандар дайындайтын білім беру бағдарламасын жүзеге асырып отырмыз. Алдағы уақытта филиалдағы жұмыстарды тереңдету бойынша қызметтерді атқаратын боламыз», – деді Ли Янронг.
Шара барысында екі елдің ғылымы мен жоғары білімінің озық жетістіктері мен ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Филиал ҚазҰУ Технологиялық паркінің бірінші қабатында орналасқан. Білім алушы жастар үшін барлық жағдай жасалған. Зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында арнайы зертханалық аудиториялар жасақталды. Аталған филиалда оқыған студенттер Қытайдағы СБПУ университетіне арнайы барып, тағылымдамадан өтеді. Оқуын аяқтағаннан соң түлектерге екі университеттің дипломы беріледі.