Заң көмегі. Оның азаматтарға пайдасы қандай?

Білікті заң көмегін алу құқығын қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдендірілген. Мемлекет кепілдік берген заң көмегі – жеке және заңды тұлғаларға тегін көрсетіледі. Ол үшін шығындар мемлекеттік бюджеттен төленеді. Бұл көмекті алуға кімдер құқылы? Осындай заң көмегін алуға немесе ақыны төлеуден босату бойынша қандай да мүмкіндіктер қарастырылған ба?

Хабар спикерлерінің айтуынша,  мемлекет кепілдік берген заң көмегін  алуға құқылы тұлғалар санаты «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының 26-бабында, аталған тізім азаматтық және қылмыстық процестік кодекстері мен басқа да нормативтік құқықытық актілерінде көзделген.

Мысалға, мемлекет кепілдік берген заң көмегі  келесі санаттарға:

-    алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға;

-    мәртебесіне немесе жағдайына байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша сексуалдық зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандарына не азаптауларға ұшыраған құрбандарға;

-    асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;

-    жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;

-    Ұлы Отан соғысына қатысушылар, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жеке тұлғаларға;

-    кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасыларға;

-    кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жан басына шаққандағы орташа айлық кірістері кедейлік шегінен төмен табысы аз адамдарға (отбасыларға) көрсетіледі.



Соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі:

      1) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адамға;

      2) Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес талап қоюшыға не жауапкерге және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасына сәйкес талап қоюшыға;


      3) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетіледі.


Осы және өзге де сұрақтарға спикерлердің жауабы сілтемеде.

Спикерлер: Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаментінің бас сарапшылары - Азиз Лесбеков пен Нурхия Аманова, Астана қаласының Әділет департаментінің Коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу және тіркеу қызметі саласындағы бақылау бөлімінің бас маманы Асылай Берікқызы.

Хабар жүргізушілері: Азамат Жомартұлы және Жанболат Шәкім.