Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Digital Farabi халықаралық форумы аясында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге Halyk bank, «Beam.kz», Банк Центр Кредит, Kaspi Bank және басқа да жалпы саны 35-тен астам ірі компаниялар мен ұйымдар қатысты. Жұмыс берушілер студенттерге әртүрлі саладағы бос жұмыс орындарының кең таңдауын ұсынды.
«Бүгін университетімізде дәстүрге айналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтуде. Әрбір компания өкілдері өздерінің басты қызметі, құрылымы және ұжымы жайлы толық мағлұмат беруде. Бұл өз кезегінде студент жастарды ынталандырып, оларды еңбек нарығына бағдарлауға көмектеседі. Жәрмеңке жастарға әртүрлі ұйымдарда тәжірибеден, тағылымдамадан өтуге әрі жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді және мұндағы бос жұмыс орындарын таңдау ауқымы да өте кең», – деді механика-математика факультетінің маманы Смайыл Еркебұлан.
«Жәрмеңкеге биыл алғаш келуім. Ірі ұйымдар мен компаниялардың қатысқаны мені қуантуда. Бұл көптеген студенттер үшін кәсіби жолды бастауға сәтті қадам жасау деп есептеймін. Дәл қазіргі уақытта атқарып жүрген жұмысым бар, бірақ соған қарамастан, алдаға уақытта басқа салада да өзімді сынап көрсем деген ниетпен бүгінгі жәрмеңкеге арнайы келдім», – дейді механика-математика факультетінің магистранты Ырысдәулет Қарсыбайұлы.
«Beam.kz» компаниясы – студенттер мен түлектерді жұмыспен қамтуға, яғни жас мамандарға негізделген платформа. Платформаның басқалардан ерекшелігі – біздің компания үнемі білім ордаларымен тікелей бірлесе жұмыс жасай отырып, жастардың тәжірибесі бар-жоғына қарамастан, оларға бірінші кезекте арнайы курстар ұсынады және жұмысты оқумен қатар алып жүруге мүмкіндік береді», – дейді «Beam.kz» компаниясындағы сату бөлімінің жетекшісі Дария Нұрғажықызы.
Сондай-ақ жұмыс берушілер жәрмеңкеде жаңа жұмыс күшін табудың нақты мүмкіндігін көреді, себебі экономика, қаржы саласындағы мамандар, заңгерлер, IT-бухгалтерлер және басқа да мамандар әрдайым нарықта сұраныста болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі