Бейбіт Жұқаев Мексикада аса тартысты матчта германиялық теннисшіні ұтты

Қазақстандық, әлемнің 191-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Сан-Луис-Потоси (Мексика) челленджер турнирінің іріктеу сайысынан сәтті өтті.


Іріктеу сайыстарының финалында рейтингіде 476-орында тұрған германиялық Эльмар Эюповичпен аса тартысты матчты өткізді. Германиялық спортшы бірінші партияда басымдылық көрсетті – 6:3. Бұдан кейін Бейбіт камбэк жасай білді – 7:6 (7:5), 6:3. Екінші сеттің өзі 1 сағат 36 минутқа созылды, бұл бір ойын уақытындай деген сөз.

Үш сағат 24 минутқа созылған бәсеке барысында Жұқаев 11 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Эюпович 5 эйс, 1 брейктен (4 брейк-пойнт) аса алмады.


Осылайша, негізгі додаға қосылған Бейбіт Жұқаевқа алғашқы айналымда азулы қарсылас тап болды. Ол әлемнің 109-ыншы, жарыстың 2-ракеткасы, аустралиялық Джеймс Даквортпен кортқа шығады.



Дереккөз: inform.kz