Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Минмен кездесті

Кездесу барысында ШЫҰ жұмысын дамыту және оны одан әрі жетілдіру мәселелері жан-жақты қарастырылды. Президент Ұйымның «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» атты Астанада өтетін алдағы саммитіне Қазақстан тарапы ерекше мән беретінін жеткізді.

– Бізге тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу қажет деп ойлаймын. Өйткені қазіргі геосаяси ахуалды ескерсек, алдағы Астана саммитінің маңызы өте зор. Саммит барысын және оның аясында қабылданатын шешімдер мен келіссөздерді бүкіл әлем бақылап отырады. Білуімше, Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары аталған жиынға түгел қатысуға ниет білдіруде. Ұйымдастырушы тарап ретінде Қазақстан саммиттің табысты өтуі үшін қолдан келген шараның бәрін жасайды, – деді Президент.