Олжас Бектенов су тасқынының жаңа кезеңіне дайын болуды ескертті

Еліміздің солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде су тасқынының жаңа белсенді кезеңі басталады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.

«Қалың қар мен топырақтың тоң болып қатып қалуы, сондай-ақ күннің күрт жылынуы мен қатты жауын-шашынның салдары еліміздің аумағында, әсіресе батыс өңіріндегі елді-мекендерде көлемді су тасқынына алып келді. 1,5 мыңға жуық үй су астында қалды. Баспаналар қирап, жолдар бұзылды. Бірқатар өңірлерде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Көріп отырғанымыздай, өңірлер су тасқынының нақты қаупін жете бағалай алмады. Біз жұмысты барынша күшейтуге тиіспіз», - деді Олжас Бектенов.

Осы орайда ол Мемлекет басшысы кешегі кеңес барысында тасқын қаупі азайды деуге болмайтынын атап өткендігін еске салды.

«Қазір ауа температурасының біршама төмендеуіне байланысты тасқынның екпіні басылған сияқты. Алайда, алдағы күндері болжам бойынша ауа райы айтарлықтай жылынады деп күтілуде. Демек, еліміздің солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде су тасқынының жаңа белсенді кезеңі басталады. Бұған дайын болуымыз керек», - деді Үкімет басшысы.