Әбиба Әбужақынова олимпиадалық рейтингіде алғашқы үштікке енді

Дзюдодан Қазақстан әйелдер командасының үздігі Әбиба Әбужақынова олимпиадалық және әлемдік рейтингідегі жағдайын жақсартты.

Ұлттық Олимпиада комитетінің хабарлауынша, 48 келі салмақта сынға түсетін Әбиба олимпиадалық рейтингіде 4 576 ұпаймен үшінші орынға көтерілген.

Бірінші орынға 5 945 ұпай жинаған Ассунта Скутто (Италия), екінші орынға 5 200 ұпаймен Нацуми Цунода жайғасқан. Әлемдік рейтингіде отандасымыз 5 184 ұпаймен төртінші орынға тұрақтады.

Айта кетелік, Әбиба Әбужақынова биыл өзі қатысқан ресми турнирлердің бәрінде үздік үштікке енді. Португалияда өткен Гран-при турнирінде, Баку мен Антальядағы Grand Slam турнирінде қола жүлдегер атанса, Ташкенттегі Grand Slam-да күміске қол жеткізді.

Әбиба – дзюдодан қазақ қыздары арасында әлем чемпионаты мен Grand Slam турнирлерінен жүлде алған алғашқы спортшы. Сондай-ақ оның Азия чемпионаты мен Азия ойындарының күміс жүлдегері атанғанын айта кетейік.

Спортшының бапкері – Нұрбол Сүлейменов.



Фото: naryntany.kz