Су тасқыны: Орал тұрғындары қауіпсіз аймаққа көшіріледі

Батыс Қазақстан облысында өзен жағасындағы елді мекен тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары жалғасады. Бұл туралы БҚО әкіміндігі баспасөз қызметінің басшысы Ерхан Таткен айтты.

«Жайық өзенінің бойына жақын орналасқан Орал қаласында және облыстың 4 ауданында су тасқыны қаупіне орай күрделі жағдай қалыптасып отыр. Бүгінгі ақпаратқа сәйкес, Ресей Федерациясынан судың мол көлемі 2-3 күнде облысымызға жетеді. Қауіпті деңгей 8,5 метр болса, бүгін Жайықтың деңгейі 8 метрге жуықтады. Қазір төтенше жағдай қызметі, күштік құрылымдар мамандары тәулік бойы жұмыс істеп жатыр», - деді Е. Таткен Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, су тасқынына қарсы жұмыстарға өңірімізден және республикамыздың басқа аймақтарынан жалпы саны 6 389 адам және 1403 техника, оның ішінде 645 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Сондай-ақ еріктілер мен қарапайым азаматтар да қолдан көмектерін аямай жатыр.



Дереккөз: inform.kz