Ұлттық гидрогеология қызметі қайта құрылады

Төтенше жағдайлар министрлігінің техникалық базасын жаңартылып, арнайы техника, тікұшақтар мен ұшақтар саны көбейеді. Ұлттық гидрогеология қызметі қайта құрылады. Ол жер асты су ресурстарын барлау және қорғау жұмысымен айналысады. Бұл туралы Ассамблея отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

"Менің тапсырмаммен Тараздағы Қазақ гидромелиорация-құрылыс институты қайта құрылады. Сондай-ақ Алматыдағы Сейсмология институтының әлеуеті күшейеді. Климат өзгерістерін зерттеп, тежеуге айрықша назар аударылады. Су шаруашылығы саласын басқару жүйесі, оның ішінде «ҚазСуШар», «Нұра топтық су құбыры» сияқты компаниялар да түгел қайта құрылады.

Елдегі бөгеттер мен бөгендердің барлығы дерлік өткен ғасырдың 50-70 жылдары салынған. Заман талабына сай су қоймалары тапшы болғандықтан, биылғы тасқынның зардабы тіпті ауыр болды. Сондықтан Қазақстанның 11 аймағында жаңадан 20 бөген салынады, тағы 15-іне күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонда 134 елді мекенді су басу қатері едәуір азаяды.", - деді Президент


Фото: baribar.kz