Қасым-Жомарт Тоқаев едәуір қауіп төндіретін әлемдегі елеулі өзгерістерге назар аударды

Сингапурға мемлекеттік сапар аясында Мемлекет басшысы «Қазақстан және орта державалардың рөлі: қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды ілгерілету» атты тақырыпта дәріс оқыды.

– Біз геосаяси шиеленістен бастап, макроэкономикалық қиындықтарға дейінгі және жиілей түскен климаттық апаттар секілді қаншама дағдарыспен бетпе-бет келіп отырмыз. Әлемдік державалар арасында бір-біріне сенімсіздік таныту үрдісі үдей түсті. Қырғи-қабақ соғыстан кейін орнаған «бейбітшілік несібесі» түгесілуге жақын. Былтыр әлем елдерінің әскери салаға жұмсаған шығындары 2,2 триллион долларға дейін жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Демек қаруланудың жаңа бәсекесі басталды. Экстремизм, терроризм, кибернетика, ғарыш, жасанды интеллект, климаттың өзгеруі, жаппай миграция және эпидемия туындатқан түйткілдер жаһандық қауіпсіздіктің жағдайын одан сайын ушықтыра түсті.
Алайда Астана мен Сингапур дамып келе жатқан орта державалар ретінде мұндай бөліну мен жіктелуге көз жұмып қарай алмайды. Қауіп-қатер өте зор. Егер шара қабылдамаса, тағы бір қырғи-қабақ соғыс зобалаңына тап келуіміз әбден мүмкін,
– деді Президент.