Биыл cтуденттерге 27 жатақхана пайдалануға беріледі

Үкіметте колледж бен жоғары оқу орындарының студенттерін жатақханамен қамту мәселесі қаралды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңеске орталық мемлекеттік органдардың өкілдері мен облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұловтың сөзінше, биыл 10 576 орынға шақталған 27 жатақхананы қолданысқа беру жоспарланған. Олардың 19-ы жоғары оқу орындарына, 8-і колледждердің студенттеріне салынуы тиіс еді.

«Қазірде 1540 орынға арналған 7 жатақханада тиісті жұмыстар толығымен аяқталып, келер оқу жылына студенттерді қабылдауға әзір. Құрылыс немесе реконструкция жұмыстарын жүргізу бойынша облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда жол карталары дайындалды. Жоспарланған нысандардың дені қыркүйекке дейін пайдалануға берілмек», — деді Талғат Ешенқұлов.

Жиын барысында әр нысандағы жұмыс қарқыны жекелей қарастырылды. Ғылым және жоғары білім вице-министрі бүгінде құрылыс, реконструкция қарастырылған ғимараттардың басым көпшілігінде жұмыс 75% деңгейінен жоғары орындалғанын жеткізді. Үш нысандағы тиісті жұмыстар 50% шамасында атқарылған. Олар Алматы қаласы мен Ақмола, Қызылорда облыстарына тиесілі. Аймақ әкімдерінің орынбасарлары барлық шаралар жоспарға сай аяқталады деп сендірді. Тамара Дүйсенова мәселенің маңыздылығына ерекше тоқталып, тиісті тапсырма берді.


Фото: Kazinform