Қанат Бозымбаев Ақмола облысында су тасқынынан кейінгі үйлердің құрылысын тексерді

Ақмола облысына жұмыс сапары аясында вице-премьер Қанат Бозымбаев су тасқыны салдарын жою және зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу қарқынын тексерді.

«Қазақстан халқына» қоры Бұланды және Жарқайың аудандарында 87 үй салып жатыр. Қанат Бозымбаев мердігер ұйымдардың жұмысын тексерді. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, салынып жатқан үйлерде барлық инженерлік коммуникациялар жүргізілген. Жұмыс көлемі 40%-ға жетті.

Өңірде барлығы 551 үй қалпына келтірілмейтіні анықталды. 172 отбасына қайталама нарықтан тұрғын үй сатып алынды. Сонымен қатар 273 үйдің құрылысы басталды. Құрылыс жұмысы облыстың төрт ауданында: Атбасар, Бұланды, Жарқайың және Есілде жүргізілуде. Нысандарға 330-ға жуық жұмысшы мен 55 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.

Сапар қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаев Атбасар әкімдігіне Жабай өзенінің түбін тазартуды және қаланы қайта су басуына жол бермеу үшін жағалау бойында қорғаныс құрылыстарын салуды тапсырды. Ол үшін Атбасарға су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандары жіберіледі.

Толығырақ оқу.

Фото: primeminister.kz