Көлік министрі Марат Қарабаев ұшаққа музыкалық аспаппен ескертусіз келіп, кейіннен дау шығаратын танымал тұлғаларға ренішін білдірді. Сондай-ақ, музыкалық аспаппен жол жүру қағидасын түсіндірді.
Үкіметте өткен брифингте тілшілер ұлттық аспаптың ұшақ бортына сыймайтынын, жүк бөлігінде жоғалып кететінін айтып, бұл мәселені шешу жолдарын сұрады. Өз кезегінде Көлік министрі қандай аспап болатынын, оның өлшемдерін алдын-ала ескеру қажеттігін айтуда.
«Музыкалық аспапты қолда ұстап отыруға болмайды, бұл қауіпсіздік ережесіне сай келмейді. Үстіңгі жүксалғышқа да кейде сыймай қалуы мүмкін. Өйткені, еліміздегі ұшақтың габариті алуан түрлі – Бомбардир-190, Боинг-737, Эйрбас-320 болуы мүмкін. Сондықтан жолаушы билет аларда немесе компанияға хабарласып, музыкалық аспаппен ұшатынын ескертіп, мәліметті нақтылауы керек. Өзімен бірге ала кіретін мүмкіндігі болмаса, компания қосымша орын сатып алуға кеңес берер еді. Мәселенің бәрі осында», - деп жауап берді М. Қарабаев.
Министр кей жұлдыздардың мәселенің байыбына бармай, ұшар алдында дау шығарып, видеоға түсіретініне қынжылды.
«Жануармен бірге сапарлайтындар да жағдайын алдын ала ескертеді. Сол секілді музыкалық аспапты да алдын ала айтса, ұшақ көлемін нақтылап алса, еш мәселе туындамас еді», - деді спикер.
Фото: gas-kvas.com