Отбасының цифрлық картасы. Қанша адамға мемлекеттік қызмет көрсетілді

2024 жылдың басынан бастап Отбасының цифрлық картасының көмегімен 807 азамат SMS-ке келісім беру арқылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) әлеуметтік төлем алу құқығын пайдаланды.

Оның ішінде 775 адам жұмысынан айырылуы және 32 адам бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша төлем алды.

Отбасының цифрлық картасы (бұдан әрі – ОЦК) азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілді мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуға құқылы екенін жеткізіп отыратын «электрондық жаршы» қызметін атқарады.

Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. SMS алған азамат оған келісімі жөнінде жауап беруі керек. Өтінішті ресімдеу және әлеуметтік төлемді тағайындау кейін алушының банктік шотына ақша қаражатын аудара отырып, автоматты режимде жүргізілетін болады.


Фото: gov.kz