Қасым-Жомарт Тоқаев ел намысын абыроймен қорғауда спортшыларға жауапты миссия жүктелгенін айтып, оларға сәттілік тіледі.
– Бәріңіз Олимпиада жолдамасын иелену үшін көп күш жұмсадыңыздар. Өздеріңіздің асқан шеберліктеріңізді көрсетіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізетіндеріңізге сенімдімін. Сіздерге барша Қазақстан халқы қолдау көрсетеді. Әрине, чемпион болу оңай емес. Қазақта «Намысқа шапсаң – алысқа шабасың» деген сөз бар. Сондықтан жеңімпаз боласыздар деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергеновке табыстады.
Қазақстан құрама командасының негізгі бөлігі кездесуге Алматы облысындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығынан телекөпір арқылы қатысты. Онда спортшылар Париж Олимпиадасы алдындағы соңғы жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.