Өрт ошақтарын уақтылы анықтау үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.
«Бурабай» ұлттық паркінің аумағында енгізілген смарт-жүйенің арқасында соңғы жылдары өрт басқан алаңдар айтарлықтай қысқарып, әрекет ету жеделдігі артты. Бұл тәжірибені басқа да табиғи парктер мен резерваттарда қолдану керек. Сондай-ақ өрт ошақтарын уақтылы анықтау үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет. Осы мәселелердің барлығы орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың кешенді шешімін әрі үйлесімді жұмысын талап етеді», — деді ол.Үкімет басшысы қазір өрт қаупі жоғары маусымның нағыз қызған шағы екендігіне назар аудартты.
«Қазгидрометтің деректеріне сәйкес жаздың соңына дейін елдің басым бөлігінде өрт қаупі жоғары болады. Оңтүстік өңірлерде тамыз-қыркүйек айларында аптап ыстық күтілуде. Бұл — өрттердің жоғары қауіп-қатері. Биылдың өзінде 161 орман өрті тіркелді. Өрттердің саны айтарлықтай төмендеді. Бірақ соған қарамастан тілсіз жаудың табиғи ошақтары күн сайын тіркелуде. Мәселен, Іле-Балқаш резерватының аумағындағы 2,5 мың гектар өртенген қамысты сөндіру жұмыстары 10 күнге созылды. Жамбыл облысының Сарықопа және Луговое орман шаруашылықтарында 1,8 гектар аумақты өрт шалды. Уақтылы жүргізілген шаралардың арқасында бұл өрттер орман қорына жайылған жоқ және адамдар аман-есен», — деді Премьер-Министр.Осы ретте Олжас Бектенов Төтенше жағдайлар министрлігіне Экология министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, осы бағыттағы профилактикалық жұмысты күшейтуді тапсырды.
Дереккөз: kazinform
Фото: ҚР Үкіметінің ресми Telegram-каналынан