Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Дүбірлі дода аяқталды

Бес күн бойы елорда төрінде дүбірлеп өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жалауын түрді. 21 спорт түрінен сынға түскен 89 елдің спортшылары өзара кіл мықтыны анықтап, тарихтың жаңа парағы жазылды.

Алыс-жақыннан келген жанкүйерлер жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын жарыса айтып, рухани жігер алғанын жеткізді.

Дүбірлі доданың жабылу салтанатында сөз алған Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғысын білдірді.

«Қазақстан түркі әлеміне ғана емес, бүкіл әлемге туыстас халықтардың бауырмалдығын, ынтымақтастығын паш ете білді. Спорттық іс-шара арқылы түркітілдес елдердің бай мәдениеті, салт-дәстүрі айрықша дәріптелді», — деді ол.

ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жарыстың тартысты болғаны соншалық, жүлдегерлердің қатарында әртүрлі елдің өкілдері көп екенін атап өтті.

«Қазақ топырағында ұйымдастырылған дүбірлі дода мәні терең, мазмұны бай жарыс ретінде бағаланып жатыр. Бар әлемге ұлттық спортымыз ұлықталып, мәдениетіміз одан сайын насихатталды. Доданың түркі әлемінің алтын бесігі — қазақ жерінде ұйымдастырылуы біз үшін зор мәртебе»,- деді министр.

Бұдан кейін дәстүрге сай, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Нұров киелі суға толы торсықты ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновқа табыстады. Ал ол өз кезегінде келесі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қабылдайтын Қырғызстан елінің өкіліне табыс етті. Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі торсықты төбесіне көтеріп, қазақстандықтарды екі жылдан кейін ұйымдастырылатын дүбірлі доданың мейманы болуға шақырды.

Айта кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 97 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан көш бастады.



Фото: Kazinform