Павлодарда 300-ге жуық отбасы баспаналы болды

Павлодарда үй кезегінде тұрған 288 адамға жалға берілетін пәтер кілттері табысталды. Ладожская көшесі, 17 мекенжайы бойынша бой көтерген тұрғын үйге жетім балалар, көп балалы отбасылар және әлеуметтік осал отбасылар санатындағы азаматтар қоныстанды.

Облыс әкімі Асайын Байханов қоныс иелерін құттықтады.

- Осы жылдың наурыз айында кезекте тұрғандардың үш санатына 210 пәтер бердік. Ал, бүгін көптен күткен пәтер кілттерін Павлодардың үй кезегінде тұрған 288 жанға табыстағаныма өте қуаныштымын. Кейбіріңіз үшін бұл күнді ұзақ жыл күтуге тура келгенін білемін. Облыс басшылығы атынан ұзақ күттіргеніміз үшін кешірім сұраймын және түсіністік танытып, шыдамдылық таныта білгендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Биыл тағы 250 пәтер тапсыратын боламыз. Бірақ олар «Шаңырақ» және «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында әлеуметтік-несиелік тұрғын үй бағыты бойынша беріледі, - деді өңір басшысы.


Фото: Валерий Бугаев