Головкин Халықаралық бокс федерациясының олимпиадалық комиссиясын басқарады

Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Халықаралық бокс федерациясы (World Boxing) жаңа Олимпиада комиссиясының төрағасы атанды.

ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, жұмыс барысында Қазақстан ҰОК басшысы World Boxing қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты халықаралық спорттық ұйымдармен бірлесе жұмыс істеуге көңіл бөледі.

Сонымен қатар, оның комиссия басшысы ретіндегі басты міндеттерінің бірі — боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасында қалдырып, World Boxing ұйымын ХОК мойындауы үшін Халықаралық Олимпиада комитетімен тығыз әріптестік орнату болмақ.

«Жеке өзім үшін, Қазақстан үшін және барша спорт әлемі үшін боксты олимпиадалық спорт түрі ретінде сақтап қалу маңызды және бұл менің жұмысымдағы ең басты басымдық болмақ. Сондай-ақ, бокс олимпиадалық құндылықтарға сай, әділ әрі ашық болуы үшін Халықаралық Олимпиада комитетімен тығыз әріптестік орнатуды көздеп отырмын. Менің кәсіби спортшы ретінде жиған тәжірибем World Boxing жұмысын бір жүйеге келтіреріне сенемін және күшімізді біріктіре отырып, бокстың дамуына жаңа серпін бере аламыз. Бірақ алда біз атқаратын жұмыс көп», — деп атап өтті Геннадий Головкин.

World Boxing президенті Борис ван дер Ворсттың айтуынша, Геннадий Головкинмен әріптестік орнату ұйымның алға қойған мақсаттарын тиімді орындауға жол ашады.


Фото: ҰОК