Жезқазған-Қызылорда автожолының құрылыс жұмыстары басталды

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев Ұлытау облысына іссапар барысында «Жезқазған-Қызылорда» республикалық маңызы бар автомобиль жолының құрылыс жұмыстарының барысын қадағалап, облыс әкімі Дастан Рыспековке автожолдың қайта жаңарту жобасын таныстырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ұзындығы 208 шақырымды құрайтын «Жезқазған-Қызылорда» жобасын орындауға кірісті.

«Жалпы ұзындығы 426 шақырымды құрайтын «Қызылорда-Жезқазған» автожолының қайта жаңарту жобасы Ұлытау және Қызылорда облыстары арқылы өтеді. Ұлытау облысы бойынша қайта жаңарту жұмыстары аясында жолды ІІІ техникалық санаттан ІІ техникалық санатқа ауыстыруды жоспарлап отырмыз», - деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда облысында «Қызылорда-Жезқазған» автожолының 12-216 шақырымында қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Оның жалпы ұзындығы 192 шақырымды құрайды, 2023 жылы 80 шақырымына асфальтбетон жабыны төселді. Құрылыс нысандарында қуаттылығы 1,3 мың тонна/сағ асатын 7 асфальтбетон зауыт, 824 жұмысшы мен 428 жол техникасы жұмылдырылды.

Ұлытау облысы бойынша «Жезқазған-Қызылорда» автожолының 216-424 шақырымы аралығындағы учаскесін 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.


Фото: ҚазАвтоЖол